Ер есімі ел есінде! Егеменді елдің қалыптасуына елеулі еңбегі сіңген тәуелсіздік тұлғалары. Елордада белгілі суретші Зұлқайнар Қожамқұловтың «Біздің мақтаныштарымыз» атты жеке көрмесі ашылды. Онда ел игілігі үшін атқарған тың істерімен танылған  отандық саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, сахна саңлақтары мен кино майталмандары бейнеленген 20-дан артық кескіндемелік туынды қойылып отыр. Автор ел ағаларынан құрылған жұлдызды топтамаға өткен ғасыр мен қазіргі қоғамның ең жарқын деген бейнелерін барынша қамтуға тырысқанын айтады. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы, Олжас Сүлейменов, Шәкен Айманов, Шәмші Қалдаяқов, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов және тағы басқалары. Бұл еңбектер монументалды кескіндеме және безендіру өнерінің аралас әдістері негізінде орындалған.

ЗҰЛҚАЙНАР ҚОЖАМҚҰЛОВ, СУРЕТШІ:

 - Біздің бүгінгі дамыған заманды көрсету үшін бейнелеу өнеріндегі осы жаңашыл әдісті таңдадым. Поп-арт мәнеріне ашық, жарқын түстер ғана тән. Былтырдан бері осы стильде жұмыс істеймін. Көрмедегі еңбектер соның жемісі. Бұл түпсіз тақырып. Ел мақтаныштары өте көп. Тарихи тұлғалармен қатар, қоғамға үлгі бола алатындай еліміздің атын шет елдерде асқақтатып жүрген дарынды да жігерлі елжанды жастарымыз жетіп жатыр. Келесі кезекте қылқаламымды осыған бағыттамақпын.

МӘДИНА ҚҰРАЛ, СТУДЕНТ:

 - Көрмеге келіп қатысып осы кісінің жұмыстарымен танысқанның өзі бізге үлкен мәртебе, үлкен сабақ әрі үлкен көмек. Болашақта осы мамандықтың иесі болатындықтан қыр-сырын жетік меңгеру үшін осындай көрмелер қалай өтетіндігі, қалай істер жүргізілетіні жайында толық мағлұмат алу үшін тәжірибе жүзінде көбірек қатысуымыз керек.

Астаналықтар мен қала қонақтары белгілі қазақстандық қылқалам шеберінің  жұмыстарын қараша айына дейін тамашалай алады. Кейін автор көшпелі көрме ұйымдастырып, ел аралауды жоспарлап отыр. Қазақтың бетке ұстар азаматтары мен тарихи тұлғаларды шетелдіктерге таныстырып, насихаттау жағы да алдағы уақыттың еншісінде, дейді кескіндемеші.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер