Челябіде қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертер көрме ұйымдастырылды. Ресейде тұрып жатқан қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін суреттер топтамасы жоғары оқу орындарының бірінде қойылған. Материал жинау жұмыстары үш жыл бұрын басталды. Тәжірибелі фотографтар аймақтағы қазақтар тығыз орналасқан он ауданды түгел аралап, негізінен қарапайым еңбек адамдарын кадрге іліктірген.

ИРЕК АТНАГУЛОВ, ЧМПУ ХАЛЫҚТАР ЭТНОГРАФИЯСЫ ҒЗЗ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Қазақ мәдениетін зерттеу тақырыбы бізді әуелден қызықтырды. Ғылыми жұмыстар басталған кезде материалдар баспа түрінде келді. Кейін фотоға түсіруді қолға алдық. Көршіміздің рухани әлемін тану өте қажет деп білемін. Қазақтар мәдениеті өте бай халық.

Жергілікті «Азамат» қазақ этномәдени орталығы бұл көрмені жоғары оқу орны қабырғасында қоюға ұсыныс білдіргенде, Оңтүстік-Орал халықтары Ассамблеясы қуана-қуана келісім берген. «Мұндай шаралардың жастар үшін берері көп» дейді олар.

ВЛАДИМИР САДЫРИН, ОҢТҮСТІК-ОРАЛ ХАЛЫҚТАРЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстанмен, оның ішінде Қостанай облысымен біз тығыз байланыстамыз. Сіздер жақтан көптеген студенттер осында келіп оқиды. Бұл олар үшін мақтаныш. Осындай мәдени байланыс достықты нығайтады. Университетте аптасына бір рет ұлттар асханасын ұйымдастырамыз. Қазақтың ет тағамы студенттерге өте ұнайды.

Қазіргі таңда Ресейдің Челябі облысында 34 мыңнан астам қазақ тұрады. Олар қоғамдық өмірде белсенді. Жыл сайын ұлттық әдет-ғұрпымызды дәріптейтін «Туған жер» этнофестивалін өткізуді де дәстүрге айналдырған. Ендігі мәселе – тілді сақтау.

ҚАНАТ СЕЙТІКОВ, «АЗАМАТ» ҚАЗАҚ ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Балалардың тіл білуі, оқуы деген қиын болып жатыр. Соны енді ақырын істеп жатырмыз. Ауыл-ауылда сыныптар ашып, жұмыс жүргізудеміз. Ал, дәстүрді халқымыз ұмытпайды. Дәстүр бар.

Көрмеге қойылған суреттер әлі де толықтырылмақ. Болашақта оны энциклопедиялық кітап етіп бастыру жоспарланып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер