Еуразия кіндігіндегі тоғыз жолдың торабында орналасқан Астана – тағдырларды тоғыстырушы қасиетті мекен. Елордада қос ғашықтың сезіміне көпір болған әсем шаһардың болмысы мен келбетін ашатын мюзикл сахналанды. Атасының аманатын арқалап, жырақтағы Франциядан тарихи отаны Арқа төріне оралған Жанар есімді бойжеткен бас қалада өзінің өмірлік серігі Нұржанды жолықтырады.

САЛАМАТ МҰҚАШЕВ, АКТЕР:

 - Ойын-сауықты жақсы көретін жігіт болады. Бірақ жаңағы қызға кезіккеннен кейін, адам махаббатын сезінгеннен кейін түбегейлі өзгереді, 180 градусқа өзгереді деп айтсам қателеспеймін. Екеуінің арасында ессіз ғашықтық пайда болады. Содан кейін ол оқиға өрбитін болады. Бұл жерде негізінен Астананың қандай ғажап қала екенін насихаттаймыз.

Жаңа туынды осы бас кейіпкерлер сынды Астанаға ағылған елжанды жастардың асқақ арман-тілектері мен үкілі үміттерін арқау еткен. Отансүйгіштікке баулитын мюзиклда ұрпақтар сабақтастығы да көрініс тауып, шежірелі тарихтың мән-маңызы баяндалады. Осының бәрі заманауи декорациялармен безендірілген сахнадан шырқалған жанды вокал, мың бұралған хореографиялық қойылымдар және актерлердің шеберлігі арқылы көрерменге жол тартты. 

АСХАТ МАЕМІРОВ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР:

 - Сол бүкіл жастық жалын, жастардың бойындағы үкілі үміт, асқақ сезімнің барлығын осы мюзиклға бүгінгі астанадағы арманшыл жастардың өмірін көрсетіп отырмыз. Бұл бір жағынан біздің қазіргі қоғамға, әсіресе, жастарымызға адамгершілік пен махаббат сынды жалпы асыл қасиеттерді, рухани құндылықтарды дәріптейді. 

Елордада тура бір жыл бұрын тұсауы кесілген тұңғыш мамандандырылған «Astana Musical» театрының осымен төртінші төл туындысы көпшіліктің  көңілінен шықты. Шығармашыл ұжым жақында еліміздің өзге де өңірлерін аралап, шалғайдағы өнерсүйер қауымды репертуарлық қорымен таныстыруды жоспарлап отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер