Халықтың рухани байлығы кез келген мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды. Атадан балаға жалғасқан дәстүр – асыл қазынамыз. Қазақтың әдет-ғұрыптарын және ұлттық құндылықтарын насихаттау мақсатында Орал қаласында «Дәстүр» атты мереке ұйымдастырылды. Алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлерде ұлттық тағам жасаудың ұстасы атанған аспаздар ас мәзірін түсіндірсе, аға буын өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрі мен жол-жоралғысын ұғынықты етіп таныстырды. Этнограф ғалымдар мен ұстаздар қауымы ел жадынан өшуге айналған қаншама ұлттық салт-санасының бар екенін тілге тиек етті.

КҮНЗИЯ ҚОСПАЕВА, ОРАЛ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақта бүрын сәбиге, әсіресе ұл балаға зар болған ата-аналар дүниеге келген баласына қарын шашын алмай, әбден өсіп кеткенге шейін айдар қойған. Бұны кейін 7, немесе 9 жасқа келгенде әдейі айдар кесу тойын жасап баланың айдары кесілген.

АЙЖАРҚЫН ЕСЕН, СТУДЕНТ:

 - Бұндай жарыстар жастарға үлкен бір еліне деген, Отанына деген махаббатты, жалпы ата-бабаларға деген құрмет, қасиет. Сонымен қатар, дәстүрімізді ғұрыптауға, тануға, тіпті өзімізде қазақ болып, кейде білмей жатамыз қандай дәстүр бар екенін. Сондай бір білмейтін бір дәстүрлерді білуге шақырады деп ойлаймын.

Ал Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының 30 келіні ерекше байқауда бақ сынасты. «Шұбат және бауырсақ» фестивалі аясында өткен сайыс ауданның 10 жылдығына орай ұйымдастырылған. Ұлттық дәстүрді берік ұстанған келіндер сәлем салу, ұлттық дәм мен сусындарды дәмді дайындау бойынша сынға түсті.

ЗӘУРЕШ НҰРБОЛАТ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ МҰНАЙЛЫ АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мақсатымыз – халықты рухани жандандыру. Ұлттық дәстүрімізді насихаттау. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында халыққа ұйымдастырып жатқан шара болып есептеледі.

Байқау барысында әділ қазылар алқасы әсіресе келіндердің тағамды дастарханға ұсыну мәдениетіне баса мән берді. Қатысушылардың қабілетін көрермен халық та бағалау мүмкіндігіне ие болды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер