Лондонда қазақ мәдениетінің фестивалі мәреге жетті. Шараның соңғы күні британдық зиялы қауым қазақ әдебиетінің жарқын өкілі Дулат Исабековтың жеке өмірбаянынан бастап, шығармашылық жолына дейінгі кезеңдерді талқылады. Барлығы да Қазақстандағы мәдениет пен әдебиетке қызығушылық танытты. 

ДЖОН АМОР, АКТЕР:

 - Бүгінгі дөңгелек үстелде Қазақстанның қаншалықты көпқырлы екендігін сезіну және дарынды адамдардың қаншалықты көп екендігін білу өте қызық болды. Жазушының шығармашылығымен танысу арқылы керемет әсерге бөлендік.

ИСМАИЛ КЕСИЖИ, ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Бізге үлкен қуаныш. Қазақстан жалғыз жер байлығымен ғана дүниеге танылмай, онымен бірге спортымызбен де танылып жатамыз. Сондай-ақ бүгін міне Еуропаның төрінде мәдени жағынан да таныстырып жатқан ағаларымыз келіп отыр. Біз осындағы қазақтар оған өте қуаныштымыз. Қазақстан мәдениетінің осында көрсетілуі - біз үшін үлкен бақыт деп айтуға болады.

Британиялық көрермен Дулат Исабековтың шығармашылығымен 2014 жылдан бері таныс. Ол кезде автордың таңдамалы шығармалары Кембридже оқырман назарына ұсынылған болатын. Дәл сол жылы ағылшын көрермені «Транзитті жолаушы» пьесасын тамашалай алды. Ал бір жыл өткен соң Исабековтың «Біз соғысты көрген жоқпыз» туындысы жергілікті театртанушылардың қошеметіне бөленді. Биыл автордың 75 жылдығына арналып екі кітабы ағылшын тілінде жарық көрді. Фестиваль ұйымдастырушылары «Аққу-Жібек» пьесалар жиынтығы мен қысқа шығармалар топтамасын қалың оқырманға таратумен айналысуды жоспарлап отыр.

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ:

 - Әрі қарай байланысымыз жалғаса береді деген сөзі маған қатты ұнады. Біз енді қазақ әдебиетіне басқаша көзбен қараймыз дегені. Осының өзі жеңіс емес пе жартылай болса да. Мен соған қуанамын. Жалғастырғаным үшін. Қазақ әдебиетін Лондонда насихаттағаным үшін. Және олардың қазақ әдебиетіне, драматургиясына көңіл бөлетіндігі үшін мен өзім бұл жолғы миссиям орындалды-ау деп ойлаймын өзімше.

Қазақ мәдениетінің фестивалі аясында Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драмалық театры Лондон сахнасында Дулат Исабековтың «Жаужүрек» спекталін қойды. Сондай-ақ, мемлекеттік республикалық академиялық корей театры мерейтой иесінің «Актриса» атты музыкалық комедиясын сахналады. Ал «Аққу-Жібек» пьесасын тұңғыш рет британдық труппа ағылшын тілінде қойды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер