Ыстамбұл қаласында «Жергілікті халықтардың мәдени күндері» атты дәстүрлі фестиваль өтті. Зейтүнбұрны әкімшілігінің ұйытқы болуымен биыл 14-мәрте ұйымдастырылған айтулы шараға Түркияның 7 аймағынан этно-мәдени бірлестіктер мен өнер ұжымдары қатысып жатыр. Арасында қазақ диаспорасы да бар. Түрік еліндегі қандастарымыз дүбірлі фестиваль аясында қалың жұртшылыққа қазақтың ұлттық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттайды. Бұл күні жастар жағы би билеп, көңіл көтерсе, орта буын ән мен күйден шашу шашты.

ТАЙРА ҚАРА, ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫСЫ:

 - Ұлттық фестиваль жергілікті қазақ болып, біз де қатыстық. Біз мұндай фестивальдің өткеніне өте қуаныштымыз. Зейтүнбұрны әкімшілігінің бізге берген шатырын көріп отырсыздар. Осы жерде шайымызды қайнатып, дастарханымызды жайып отырмыз. Бұл шараға бірнеше ұлт қатысады. Қазақтардың салт-дәстүрін жергілікті халыққа таныту біз үшін өте қуанышты, өте мәртебе.

Ал Оңтүстік Кореяда қазақстандық студенттер жыл сайынғы құрылтайға жиналды. Күзгі демалыстағы мұндай кездесулер дағдыға айналып, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Осымен тоғызыншы рет өткен форумға Оңтүстік Кореяның барлық аймағындағы отандастарымыз жиналыпты. Өз елін сағынып жүрген студенттер үшін бұл – таптырмас басқосу. Яғни, олар қазақстандық дастарханнан дәм татып, әр түрлі тақырыпта жерлестерімен әңгіме қозғады. Сондай-ақ, жеке шығармашылықтарынан мерекелік концерт қойды.

АЙКЕРІМ ДӘУРЕНБАЕВА, КОРЕЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН СТУДЕНТТЕРІ АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Жалпы негізі қазақстандық студенттер  бір-бірін жақын танып, бір-бірімен байланыстырсақ дейміз. Сонымен қатар Корея халқына, жергілікті халыққа тағы да осы орталық Азияда оқып жатқан студенттер де бар осы жерде. Солармен тағы да тығыз байланыста болсақ дейміз. Соларға да өз мәдениетімізді, халқымызды көрсетсек дейміз.

И ДЖОН ХЁН, СТУДЕНТ:

 - Мен қазақстандық досыммен танысқан соң, осы шараға шақырту алдым. Бұл елдің қайда орналасқандығын, алып жатқан аумағының көлемін және халқының саны туралы мәліметтерді бірінші рет осында естідім. Сондай-ақ, көпұлтты мемлекет екендігінен хабардар болдым. Мәдениетімен танысқан соң, өз көзіммен барып көргім келіп тұр. Жалпы біздің университетте қазақ студенттері жайлы жақсы пікірлер қалыптасты деген ойдамын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер