Арқа төрінде шекті аспаптарда орындалатын әлемдік классиканың музыка жауһарлары салтанат құрды. Елордада қалалық Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық оркестрінің есептік концерті өтті. Әуезді кеште ұлы композиторлар Вивальди, Чайковский, Брамс пен Массненің өшпес шығармалары әуеледі. Өнер сүйер қауым тың туындыларды тәжірибелі ұжымның майталман шеберлерімен қатар, музыка әлемінің қыр-сырын меңгеріп жүрген дарынды студенттердің орындауында тыңдай алды.  Академиялық негізге құрылған бағдарлама аясында білікті ұстаздар мен  белсенді шәкірттер жеке өнер көрету қабілеттерімен де танылды. Бұл орайда оркестрдің әр мүшесі  халықаралық байқаулар мен республикалық өнер додаларында жүлдеге ілігіп жүрген дарабоз әмбебап өнерпаз екенін атап өткен жөн.

АСҚАР ДҮЙСЕНБАЕВ, ОРКЕСТР МҮШЕСІ:

- Біздің оркестрімізде орта жасқа келген музыканттар бар және жас дарынды енді ғана өзінің қадамын бастап келетін музыканттар бар. Сондықтан осы музыканттарға жеке ойнап отыру аса қажет. Бұл оркестрде универсалды музыканттар жиналды. Жас кезінен өстіп тәрбиеленеді. Ол тек оркестрде ғана емес, өзін-өзі жеке орындаушы ретінде болашақта көріп отыру.   

БАҚЫТЖАН МҰСАҚОЖАЕВА, ОРКЕСТРДІҢ БАС ДИРИЖЕРІ:

-  Мен тебіреніп азын-аулақ қобалжып тұрмын. Әлем жауһарларына айналған классикалық туындыларды орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сонысымен бұл шығармалар - ұлы.  Бірнеше музыкалық аспапты үндестірі,п оркестрмен ойнау құдыретті туындылардың сырлы сырын аша түседі.  Оның әуендігі мен тазалығы, шеберлігі мен  мазмұны әлемді өзіне баурай білді.

Оркестр үстіміздегі жыл соңына дейін Бетховен, Гайдн, Моцарт сынды атақты классик композиторлар мен белгілі отандық сазгерлердің шығармалары орындалатын бірқатар музыкалық кеш ұйымдастыруды көздеп отыр.  Шетелдің танымал музыканттарын шақыру да жоспарда бар.  

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер