Лондонда қазақ мәдениетінің фестивалі өтті. Ұлыбританиядағы елші Ерлан Ыдырысов әлемдік мәдениет пен өнер астаналарының бірі болып табылатын Лондонда осындай шара өткізу арқылы Қазақстанның қазіргі мәдениетін әлемге таныту маңызды екендігін атап өтті. Ал фестиваль шымылдығын Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Жаужүрек» қойылымымен ашты. Пьесаның бас кейіпкері әнші, композитор, жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақ отаршылдықпен күресіп, патшалық Ресейге қарсы айқас ашады. Оның рөлін Ерлан Біләлов орындады.

ЕРЛАН БІЛӘЛОВ, АКТЕР:

- Келген көрерменге үлкен алғысымды білдіремін. Ұжымменен алға қойған мақсатымызды, арқалап келген ойымызды орындадық деп есептеймін.

«Жаужүрек» спектаклінің авторы белгілі жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков. Ол биыл 75-жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.

ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ:

- Президенттің «Рухани жаңғыру» дегені бар емес пе? Соған байланысты бұл енді. Театр өнерін, драматургиясын, қаза әдебиетін сыртқа тарата беру, көрсете білу, өзімізде көріп-тамашалап қол соға бермей жұртқа да көрсетіп, міне бізде мынадай бар, мынадай бар деп көрсетіп жүруіміз керек.

Өнер кешіне Ұлыбританияның саяси, іскер және академиялық ортасынан арнайы өкілдер, Қазақстан-Британия қоғамының мүшелері, дипломатиялық қызмет басшылары келді. Сондай-ақ, қонақтар қатарында қазақ диаспорасының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Ұлыбританияда уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да болды. Көрермендер қойылымнан керемет әсер алғандықтарын жеткізді.

РУПЕРТ ГУДМАН, ҚАЗАҚСТАН-БРИТАН ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Спектакль өте керемет өтті. Өздеріңіз білетіндей Біріккен Корольдікте ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі театр өнері бар. Бұл өнердің Қазақстанда да жоғары деңгейде дамығандығына көзіміз жетті. Бүгінгі кеш өте әсерлі болды.

Сонымен қатар,  республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театры британиялық көрерменге Дулат Исабековтың «Актриса» қойылымын тарту етті. Ал «Аққу Жібек» пьесасы тұңғыш рет ағылшын тілінде жергілікті «London Pajarito Theatre»-ның әртістерімен сахналанды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер