Қазақстанның құнды тарихи нысандарының тізіміне енетін Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайында жөндеу жұмыстары басталды. Көпшілік Қожа Ахмет Ясауи кесенесі деп білетін кешеннің кіре берісіне жаңбыр суы өтіп, қабырғасы бүлінген. Қазір ондағы Ескендір мен Есімхан бөлмесіндегі құлпытастар қалыпқа келтіріліп жатыр. Ал, іргелес орналасқан Жеті ата ескі қалашығының қақпасы толықтай жаңғыртылды. Бұл жұмыстарға 30 млн теңге бөлінген.

МАРАТ ТҰЯҚБАЕВ, «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ- МӘДЕНИ ҚОРЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Осының төбесінен су өткен жерлер бар. Бұл енді кесене салынғалы бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген бөлігі. Жүргізілсе де, қаптама қышы да жоқ. Төбесі жазық, су астына қарай кетеді. Су өтіп, ол тұзданып кірпіштердің бетіне шыққаннан кейін барып «Қазреставрацияның» жобалау институтынан мамандар келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Ал Қостанайда ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің кесенесі қайта жаңғыртылды. 1991 жылы салынған нысан  жөнделіп, ұлттық ою-өрнекпен нақышталған мәрмәрмен көмкерілді. Көнекөз қариялар Тобыл өзенінің  оң жағалауындағы мына бір аумақта Ыбырайдың ата-басының қорымы болғанын айтады.

ҚҰРАЛБАЙ ОЗҒАНБАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ БАСШЫСЫ:

- Ескерткіш біздің дәстүрлі, ата-бабамыздан келе жатқан әдістермен салынды. Арнайы қашаумен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар бұнда ою-өрнектеу, ұлттық нақышты көбірек пайдаландық, келтірдік. Менің ойымша, Қазақстандағы ең биік күмбезтамдардың бірі осы тастан салынған.

Аумағы 64 шаршы метрді құрайтың кесененің биіктігі – 18 метр. Оның қасына Алтынсарин ашқан мектептердің тізімі жазылған тақта орнатылды. Қарсы  жақ бетіне Балқожа бидің құрметіне белгі қойылған. Сәулет кешеннің ашылуында ұлы ұстаздың  рухына дүға бағышталды.

АҚЫЛБЕК ШАЯХМЕТ,  ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН:

- Ыбырай Алтынсарин өзі атасының басына кезінде үлкен мазар орнатқан. Ол алыстан көрінеді. Соны Қостанайдың қазақтары ақтам деп атаған. Міне сол ақтам, ақбит ұлы тастан салынған, алыстан көрінеді. Көңілімізге жылу ұялатады. Сондықтан Ыбырай Алтынсариннің өнегесі, игі ісі жалғасын тауып жатыр деп сеніммен айтуға болады.

Еліміздің киелі жерлер картасына Қостанай облысынан 30 жоба ұсынылып отыр. Соның ішінде сәулеті асқақ, еңсесі биік Ыбырай Алтынсарин кесенесі ерекше орын алады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер