Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде ерекше көрме ашылды. «Ыдыста да ырыс бар» деп аталып, жез бұйымдарға арналған көрмеге 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында қазақ топырағына Еуропадан әкелінген түрлі ыдыстар қойылған. Көрменің көркін жез құмандар ашатын секілді. Одан өзге жезден жасалған самаурын, алуан түрлі жез қоңыраулар мен шайнек, қасық, сүт құйғыш, тіпті күл салғышқа дейін бар.

ЕРМАХАН ТӨЛЕУІШОВ, СТУДЕНТ:

 - Көптеген бұйымдардың жезден жасалатынын білдім. Және де сүтқұйғыш жезден жасалғандықтан, ол сүттің ашымауына өте жақсы екен. Осындай көрмелер алдағы уақытта да жиі өткізілсе екен деймін.

Тарихи өлкетану музейіне келген бір топ студенттер ғажайып жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, олардың пайдалану әдісі мен  тұрмыстағы орны туралы да мол мағлұмат алды.

БОЛҒАН СҮЙЕУҒАЛИЕВА, МУЗЕЙ ҚОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Бұл легеннің ерекше бір түрі – қақпақты леген. Бұл легенді пайдаланып болғаннан кейін, ішіндегі лас су көрінбесі үшін арнайы қақпағын жауып, кейін ішіндегі суын төгіп, кептіріп қояды. Легендердің әртүрі бар: бір жерлерде леген, шылапшын, жам, кірлен деп те атайды.

Бұл заттардың кейбірі қазір қолданыста болса да, аға ұрпақ тұтынған бұйымдары бүгінгі буын үшін ерекше қымбат. Келесі кезекте музей қызметкерлері көне қару-жарақтарды көпшілік назарына ұсынбақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер