Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ынтымақтастығы сан саланы қамтиды. Екі ел достығының символы ретінде Арқа төріндегі Есілдің сол жағалауында ерекше саябақ ашылды. Елорданың бел ортасындағы табиғат аясында серуен құру мекені – таңғы самал елінің жергілікті тұрғындарға жасаған сыйы. Қос мемлекеттің жылы қарым-қатынасын айшықтайтын бақтың құрылысына Корея үкіметі 1,7 млн доллар қаржы жұмсаған. Осылайша, Астананы көгалдандырып, жасыл қалаға айналдыру үрдісіне өз үлесін қосуды ұйғарыпты. Игі істің басты нышаны –  «Достық қоңырауы». Мұнда  келушілер айнадай тоған, жасыл желек пен гүлзардың түр-түрін қызықтап, корей халқының дәстүрлі сәулет үлгілерін тамашалап демалатын болады.

КИМ ДЕ СИК, КОРЕЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастың әлеуеті зор деп сеніммен айта аламын. Біз тек мұнай өнімдерін өңдеу саласында ғана бірлесіп жұмыс атқарып жатқан жоқпыз. Қазіргі таңда тараптар шағын және орта кәсіпкерлік бағытындағы әріптестікті нығайта түсуде. ЕХРО көрмесінен кейін энергетика, баламалы қуат көздеріне қатысты байланыс жандана түсті. Елордада бой түзеген саябақ достығымыздың  жарқын белгісін көрсетеді.

Ал ұлттық мұражайда екі елдің мәдени сабақтастығын айшықтайтын «Корея бейнелері» атты деректі фотокөрме ашылды. Онда жеті кәріс суретшісінің 120-дан астам туындысы қойылған. Жылнамалық еңбектер Кореяның өткен ғасырдың 70 жылдарынан бергі қалыптасуын баяндайды. Сондай-ақ, корей халқының ұлттық болмысы, тұрмыстық салты мен табиғатының ерекшеліктері көрініс тапқан.

КАН УНГУ, ФОТОСУРЕТШІ /КОРЕЯ/:

 - Қазақстанға барлық жұмыстарымның ішінен 20-ға тарта туындымды іріктеп әкелдім. Себебі бұл суреттердің тақырыбы ортақ. Топтамамды «Жоғалған Корея бейнесі» деп атадым. Себебі ұзақ жылдар бұрын түсірілген еңбектердегі көріністі  елге келгендер  көре алмайды. Себебі бүгінгі Корея мүлдем өзгеше түрленген мемлекетке айналды. Суреттерімді «Өткеннің көзі» деп айтсам да болады.

Бұл туындылар бұған дейін Венгрия Германия, Польша, Бельгия және Испания елдерінде көпшіліктің назарына ұсынылыпты.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер