«Астана Опера» театрында әдеттегі қызу дайындық. Өнер ошағының балет труппасы әлемдік хореография жауһары саналатын кербез аққулар биімен көрерменін кезекті рет қанықтыруға қамданып жатыр. Тек бұл жолы атақты композитор Петр Чайковскийдің аңызға айналған «Аққулар көлі» балетін Оман сұлтандығының тұрғындары мен қонақтары тамашалайтын болады. Қойылым Маскат қаласындағы әйгілі Корольдік опера театрының сахнасында өтпек.

АЛТЫНАЙ АСЫЛМҰРАТОВА, «АСТАНА ОПЕРА» БАЛЕТ ТРУППАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - Классикалық туынды алғаш рет 1895 жылы Санкт Петербург қаласында сахналанды. Ғасырдан астам сахна төрінен түспей келе жатқан  қойылым мыңға тарта өңдеуден өтті. Әр режиссер өзінше түрлендіріп келеді. Ал біз болсақ байырғы түп мағынасын толықтай сақтауға тырыстық. Тек өзгелер бұрмалаған тұстарына  сәл өзгерістер еңгіздік. Біздің көзқарасымызда ұсынылдатын спектакль Омандық көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын.      

Одетта-Одиллияның партиясы балерина үшін шеберліктің биік шыңы саналады. Бұл белесті еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева бағындырды. Қазақстандық биші қыз нәзік жанды Одеттаны да, қызу қанды Одиллияны да сомдайтын болады.  

МӘДИНА БАСПАЕВА, БАЛЕРИНА:

 - Ақ аққу мен қара аққу түстері айтып тұрғандай, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы бір-біріне қарама-қайшы. Одеттаның бейнесінде өте ұстамды, төзімді, нәзік болуың керек. Ал екінші партия маған жақынырақ. Себебі бұл образ құштарлыққа толы, ойнақылық басым. Дегенімен, сырт елде бір қойылымда қос бейнені лайықты сомдап шығу үшін бар күш-жігерімді саламын.

Оман сұлтандығының үздік сахнасының төрінде  қазақстандық  балет труппасының 80 мүшесі өнер көрсетпек. Спектакль италиялық Карло Феличе театрының симфониялық оркестрінің музыкалық сүйемелдеуімен өтеді. Қазақстандық сахна саңлақтарының шығыстағы ислам мемлекетіне жасайтын алғашқы гастрольдік сапары үстіміздегі  қыркүйек айының 28,29 және 30 күндеріне жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер