Шежірелі қазақ тілінің түп-тамыры тереңде жатыр. Бұған елордада ашылған «Ұлт мұрасы – халық игілігі» атты көрмеде көз жеткізуге болады. Кітап - ақы сұрамайтын алтын қазына! Мұнда қазақ жазуының тарихының түрлі кезеңдеріне сапар шектіретін ақыл ескерткіштерінің 500-ге тарта түрі жиналыпты. Негізінен 16-19-шы ғасырларда жазылған тарихи, мәдени, әдеби, ғылыми маңызы мен құндылығын жоймайтын еңбектер. Арасында бұрын соңды зерттелмеген шығыс тілдеріндегі қолжазбалар бар. Сирек кезігетін құнды туындылар сонау көне түрік руникалық және араб-парсы жазбалары мен кириллица және латын графикасында басылған.

АҚЗАДА ХАЙРУЛЛИНА, ҚОЛЖАЗБАЛАР МЕН СИРЕК КІТАПТАР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қорымызда бар қолжазбалар мен сирек кітаптармен, Қазақстанның жазу тарихын көрсету мақсатында қойып отырмыз. Латын әрпіне біз жаңадан келіп тұрған жоқпыз. Оған қайта оралғандай болып жатырмыз. Неге дейсіз ғой? Көптеген жазбаларымыз, ғалымдар мен ұлы жазушылардың еңбектерінің латын тілінде сақталғандары бар. Оған біздің көрме дәлел. 

Көрме діни тұрғыда сауап ашатын, шәкірт тәрбилеуге арналған оқулықтар, алғашқы қазақ әліппесі, тіл жанашырларының зерттеулері мен әдебиет майталмандарының шығармаларын жиып отыр. Экспозицияны шағын көлемді кітаптар жинағы мен газет-журналдар толықтырады. Ондағы ортақ тақырып  қазыналы қазақ тілінің байлығын ұлықтап, өскелең ұрпаққа мирас ету. Игі шара 1 ай бойы жалғаспақ.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер