Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданының Беғазы-Дәндібай қорымындағы мәдени ескерткіштер еліміздің 100 киелі орындар тізіміне енгізілді. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне үміткерлер қатарына қосылды. Беғазы-Дәндібай өркениеті 400 жылдан астам уақыт өмір сүрген. Мәдениеттің Беғазы атауын алуы да кездейсоқ емес. Ол осында орналасқан Беғазы тауы мен өзеннің атауынан алынған. Сонымен қатар, бұл кесене қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім зираттарымен ерекшеленеді. Бүгінде әлемге белгілі болған Беғазы қорымына шетелдік саяхатшылар да көптеп келуде.

ТӘБӘРӘК ЖАРМАҒАНБЕТОВ АҚТОҒАЙ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізде жылма жыл туристер келіп жатады, әсіресе шетелдік туристердің қатарының көбеюуі бізді қуанытады. Бұл біздің жеріміздің, этнотуризмнің болашағы бар деген сөз, биылғы жылы Голландия, Германия, Монғолия мен Қытайдан келген туристер осы ЕХРО-ға ат басын бұрған, аралап көріп қызықтап қайтты.

Беғазы-Дәндібай мәдениетін 30 жылға жуық зерттеп, оның кең тұрғыда насихаттауына археолог-ғалым Әлкей Марғұланның сіңірген еңбегі зор. Қола дәуіріне жататын мәдени кешен Ақтоғай ауданындағы Беғазы тауының етегінде 10 гектарға жуық жерді алып жатыр. Қазір мұнда этнотуризмді дамыту шаралары қолға алынған. Келешекте тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының құрылысы басталмақ. Жалпы, Ақтоғай өңірінде әлі күнге дейін қазылмаған қорымдар да жеткілікті.

ТҮЛКІБАЙ ТӨЛЕУОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Өте көп, ашылмаған, қазылмаған қорымдар, оларды бүгін ертең қазамыз деген жоспарлар жоқ, бірақ сұрақтар туындайтын қорымдар бойынша жұмыстар жасалынады.

Ақтоғай өңірінде 400-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш болса, соның 312-сі археологиялық ескерткіштерге жатады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер