Лондонда бүкіл әлемге әйгілі Британия мұражайында cкифтерге арналған экспозиция ашылды. Көрменің басты қатысушыларының бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы. Мұнда тұрмыста қолданылған дүниелер, киім-кешек, қару-жарақ, алтын бұйымдары, тіпті тоңы ешқашан жібімейтін жерде сақталған адам сүйектері тұр. Экспозицияда сонымен қатар жылқыларға арналған әшекей бұйымдары қойылған арнайы бөлім де бар.

 

ХАРТВИГ ФИШЕР, БРИТАНИЯЛЫҚ МУЗЕЙ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз үшін бұл шынымен де ғажап дүние. Бұл тек Ұлыбритания тұрғындары үшін ғана емес бүкіл әлем үшін де жаңалық болар еді деп ойлаймын. Музейге келушілер 500 жыл бұрын Қытай, Қара теңіз және Балқан аумағында көптеп мекен еткен көшпенділердің өмірінен хабардар бола алады.

 

Бұл – Ұлыбританияда Скиф мәдениетіне арналған соңғы 40 жылдан бері алғаш өткізіліп отырған ірі көрме. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі экспозицияға 17 бірегей дүниесін ұсынған. Әсіресе, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» қанжары британиялық көрерменнің назарын ерекше аударды. Ұлттық музей сонымен бірге Тақсай, Берел, Талды сияқты қабірлерден табылған күміс тостаған, аң стилінде жасалған білезік және басқа да сирек археологиялық қазбалар ұсынып отыр. 

 

СИНДЖЕР СИМПСОН, ЭКСПОЗИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бірнеше жыл бұрын мен сіздердің Астанадағы Ұлттық мұражайларыңыздың ашылуына қуана қатысқаным бар. Сол кезде-ақ бүгінгі экспозицияға кейбір дүниелеріңізді уақытша ала тұру идеясы туындаған болатын. Біз үшін бұл үлкен бақыт.  

Көрмеде сондай-ақ Король отбасының жеке топтамасынан, Ресейдің мемлекеттік эрмитажынан және Ұлыбританияның Ашмола мұражайынан келген экспонаттар да бар. Көрермендер экспозицияны төрт ай қатарынан тамашалай алатын болады.

 

САУАЛНАМА:

 - Көрме шынымен де керемет. Ежелгі Сібір жауынгерлері - Скифтер жұмбақ жандар болған. Олар жайлы білмейтініміз көп. Олар туралы жазба материалдар жоқ. Бүгінгі экспозияға қойылған дүниелер сол олқылықтардың орнын толтырғандай.

 - Әлгінде ғана Қазақстаннан әкелінген алтын қанжарды көзім шалды. Жүздеген жылдар бұрын осындай дүниелер жасай білген адамдардың өмірі шынымен де таң қаларлық.

 

Көрме барысында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі мәдени және тарихи мұраларымызға арналған дүниелердің таныстырылымын арнайы шара ретінде өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Біріккен Корольдіктің қазақстандық әріптестерімен жаңа жобалар жасау мүмкіндіктері талқыланатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер