Өскеменде үшінші халықаралық «Ақ ертіс» фестивалі ұйымдастырылды. Облыстық драма театр сахнасында еліміздің және Башқұртстан, Түркия, Армения мен Италияның майталмандары бас қосты. Опера тыңдармандары мен классикалық музыка жанашылары бұл күні Верди, Моцарт, Штраустың шығармаларын, «Кармен» қойылымынан үзінді тыңдады.

 

СҮНДЕТ БАЙҒОЖИН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Шынында да классика өнері басқа өнерге қарағанда ерекше. Көп жұмыс талап етеді, өзінің тыңдармандары бар. Сол себепті, классика өнері мәңгілік болатынына кәміл сенімдімін.

 

Журналистермен кездесу барысында әлемдік классика дүлдүлдерімен тең дәрежеде өнер көрсетіп жүрген Айман Мұсақожаева, Альфия Каримова, Шахимардан Әбілов сынды майталмандар дәстүрлі фестиваль деңгейін жоғары бағалады.

 

ШАХИМАРДАН ӘБІЛОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Әрқашан классикалық музыканың мәні көп. Егер біздің Елбасы 50 мемлекеттің қатарына қосыламыз десе, әлемде бір ғана экономикамен емес, бір ғана политикамен емес, өнеріміз алда болу керек. Ол біздің өнерімізді көрсету, тілімізді көрсету мақсатында үлкен қасиетті ордамызды көрсету әлемдік дүние.

 

Құлақтан кіріп бойды алар әсем әуенге еліткен халықтың ықыласы шексіз.

 

ЛАУРА ҚАДІРОВА, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бүгінгі фестивальді тамашалап отырғаныма өз басым қуанамын. Өйткені, бүкіл республикамыздың белгілі опера жанры әншілеріміз келіп, үлкен оркестр келіп, бүкіл халыққа өзінің өнерін көрсетіп, халық тамашалап отыруы үлкен құрмет деп ойлаймын.

 

Өр Алтайдың төрінде ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі шара шығысқазақстандықтарды классикалық музыкамен сусындатып, өнер заңғарына жетелейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер