Бұл күндері Бейжің қаласында «Көркем әлем» халықаралық мәдени көрмесі өтіп жатыр. Онда әлемнің 23 мемлекеті ұлттық дәстүрін таныстырып, мәдениетін паш етті. Қазақстан да бұл шарадан қалыс қалмады. Қытай астанасындағы ауқымды көрмеде төл өнерімізді насихаттады. Елімізді жақыннан таныстыру үшін дәмді тағамдар ұсынып, естелік сыйлықтар таратты. Қазақстан павильонына келген жұртшылық қазақ халқының салт-дәстүрін, ұлттық киімдерін көріп, концерттік қойылымды тамашалады.

 

ҚАЙРАТ АБДРАХМАНОВ, ҚХР ҚР ЕЛШІЛІГІНІҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КЕҢЕСШІСІ:

 - Шақырушы тараптың жоспарына сәйкес, Қазақстан елшілігі де өз павильонын құрып, осы жерде қазақтың мәдениеті, білім, туризм саласындағы әлеуетімен таныстыру жұмыстарын жүргізуде.

 

ЧЖА ХАЙЯНЬ, БЕЙЖІҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бүгін мен Қазақстан көрме залынан дәмі тіл үйіретін қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қазақ xалқы туралы көптеген мағлұмат алдым. Менің байқағаным, Қазақ xалқы өте қонақжай екен. Мен «жент» деп аталатын тағамды бірінші рет көрдім. Дәмі қатты ұнады.

 

Ал Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында Орталық Азия халықтарының фестивалі өтті. Мұнда жұртқа кәдесыйдың түр-түрі ұсынылып, келушілер ұлттық киімдерді киіп көруге мүмкіндік алды. Ал, ең кішкентай қонақтар үшін Қазақстан және Қырғызстан елшілігінің өкілдері қазақ және қырғыз ертегілерін оқып берді. Айта кету керек, «Жаңа жылды қай мезгілде қарсы алу керек?» және «Алдар Көсе» ертегілері қазақ тілінен корей, ағылшын және орыс тіліне аударылған. Бұл – екі елдің Мәдениет министрліктерінің біріккен жобасы. Кітаптарды дүкенде сатып алуға немесе Оңтүстік Кореяның кітапханаларында оқуға болады.

 

ЧОН БОН СУ, АЗИЯ МӘДЕНИЕТІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Биыл бізге тағы үш қазақ ертегісі түсті. Оларды аударып, біреуін ғана таңдап аламыз. Сосын оны корей, ағылшын және орыс тілінде басып шығарамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер