Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Рядом с Первым» кітабы ТМД мемлекеттері арасындағы «Кітап өнері» байқауында 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Туынды авторларын ұлықтау рәсімі Мәскеуде басталған халықаралық кітап көрмесі аясында өтті. Бұл бірегей кітаптың авторлары тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішіндегі тарихи деректерді жан-жақты айшықтап жазған.

 

ГЕОРГИЙ ПРЯХИН, БАСПА ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл бір деммен оқып шығатын кітап Президент жайында. Онда жұмыс барысындағы оқиғалар айна-қатесіз суреттеледі. Мәселен, Астананың құрылысына кеңірек тоқталған. Оған қоса, батыс елдерімен байланыстың қалай орнағанын білуге болады. Жалпы, кітап арқылы ел басшысы мен азаматтары атқарған өлшеусіз еңбекке қанығасың.

 

КОНСТАНТИН КОСАЧЕВ, РЕСЕЙДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ФЕДЕРАЦИЯ КЕҢЕСІ КОМИТЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Кітаптың форматы өзгеше. Нұрсұлтан Назарбаев – таныстыруды қажет етпейтін адам. Ол Қазақстанда да, сырт мемлекеттерде де өте беделді тұлға. Бірақ, оның жұмысымен еш боямасыз танысуға мүмкіндік туып отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық біртұтастық жайлы идеясы жарты ғаламшарды қамтиды. Бұл расымен оның бірегей бастамасы дер едім. Міне, осындай тарихи жәйттарды келешек ұрпақ білуі керек.

 

Туынды Президенттің әлемдік көшбасшылармен қалай қарым-қатынас орнатқаны жайлы мол мағлұмат береді. Сондай-ақ, саяси жүйенің дамуы мен экономикалық жетістіктер туралы тарихи деректерге қанықтырады. Яғни, Қазақстанның жер-жаһанға танылуы жолында атқарылған ауқымды істер осы туындыға топтастырылған.

 

ВЛАДИМИР ГРИГОРЬЕВ, РЕСЕЙДІҢ БАСПА ЖӘНЕ ЖАППАЙ КОММУНИКАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ФЕДЕРАЛДЫҚ АГЕНТТІГІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Тарих толқынындағы бірегей бастамалардың Қазақстан тарапынан көтерілетіні кеңірек жазылғандықтан, кітапқа жоғары баға беріліп отыр. Оны оқи отырып, бір мәселені анық аңғаруға болады. Ол өткенді екшеп қана, болашаққа айқын бағдар қою керектігін көрсетеді.

 

Айта кетейік, осыдан біршама уақыт бұрын Мәскеуде кітаптың таныстырылымы өтті. Еңбек ресейлік қоғам тарапынан жоғары баға алды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер