Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа жәдігерлермен толығып жатыр. Бұл іске жергілікті тұрғындар өзіндік үлесін қосты. Мәселен, мүзейге биыл 500-дей түрлі зат тапсырылса, олардың жартысына жуығын жергілікті жұрт әкелген. Соның арқасында, Әулие ата өңірінің тарихын тереңірек тануға мүмкіндік ашылып отыр дейді.

 

ЖҰЛДЫЗ АМАНҚҰЛОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Бұл тек қана қаланың тарихы ғана емес, сол кездегі халықтың түсінігі, өмір сүру тіршілігі, қолөнер қалай дамыды, сауда қалай дамыды, адамдар қалай өмір сүрді, не жеді, не ішті, не киді сондай үлкен ақпараттар береді.

 

Тараз тұрғыны Оңғарбай Кенжебаев биыл көктемде музейге үйінде сақтаулы тұрған тұрмыстық заттарды әкеліп тапсырған екен. Аталары пайдаланған бұл ыдыстар шамамен 19-шы ғасырдың соңы – 20-шы ғасырдың басындағы кезеңге тиесілі.

 

ОҢҒАРБАЙ КЕНЖЕБАЕВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Ол үйде жатқанда ешқандай несі жоқ, ең болмаса, өзіміздің мұражайға тапсырып, көрсін ел-жұрт үйде қолданған ыдыс-аяқты, сондай мақсатпен өткіздім.

 

Бұл музей 1931 жылы ашылған. Бүгінгі күні мұнда 45 мыңнан астам құнды жәдігер бар. Мұнда адамзаттың пайда болғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарих қамтылып отыр. Жаңа келген жәдігерлер туған өлкенің шежіресі мен Тараз топырағында туып-өскен азаматтардың өмірін жан-жақты зерттеп-білуге сеп болады. Мынау Бауыржан Момышұлының жеке заттары. Батыр 1960-сыншы жылдары оларды музейге өз қолымен тапсырып, осында сақталсын деп өсиет қалдырған. Бүгінде музейде жәрігерлерді жинау жұмыстарынан бөлек туған жердің тарихын көпшілікке таныту бағытындағы жұмыстар кеңінен жүргізілуде. Ол үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше жоба әзірленді.

 

ГҮЛНҰР ЕМБЕРДИЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ұрпақтар сабақтастығы – тарих және болашақ Жамбыл облысы суретшілерінің көзімен» деген тақырыпты алып отырмыз. Одан кейін, «Өз өлкеңді біл және сүй» деген Қазақстанның киелі жерлері дейді, өзіміздің облыс, аудан, ауылдардағы киелі жерлерді өлкетану мәселесінде оқушыларға таныстыру, білдіру.

 

Осы жобалар арқасында музейге келетін көпшілікті көбейту көзделген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер