Латвия халқы еліміздің тарихы және мәдениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Ұлы ақын, әйгілі ойшыл Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері»  латыш тіліне аударылды.

 

АЛЕКСАНДР ВИДЯКИН, КІТАПТЫҢ РЕДАКТОРЫ:

 - Философиялық тұрғыда бірегей саналатын бұл шығарма арқылы көптеген сұраққа жауап табуға болады. Ол өз ойын сыни көзқарасы арқылы ұғынықты етіп жеткізе білген. Сол арқылы ұлы ақын халқының сана-сезімін дұрыс арнаға бұрғысы келді. Қара сөздерді оқи отырып, қазақтың болмыс-бітімін анық аңғаруға болады.  

 

«Қара сөздер» бірнеше буынның рухани тұрғыда жетіліп, білім-біліктілігінің артуына игі ықпал етті. Оның осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрын жазылғанына қарамастан, қазіргі қоғам үшін мән-маңызы, тәлім-тәрбиесі азайған емес.   

 

БАУЫРЖАН МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЛАТВИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Ол өз ұлтының болашаққа деген көзқарасын өзгерте білген ұлы тұлға. Бұл сөзіме сену үшін барлықтарыңызды Қазақстанға шақырамын. Біздің елде әйгілі ойшылдың арман-тілегі іс жүзінде орындалып келеді.

 

Латыш тіліне аударылған кітаптың таныстырылымы Даугавпилс қаласындағы жетекші университетте өтті. Оқу орны орналасқан шаһарда сан түрлі ұлттың өкілдері тату-тәтті тірлік етеді. Біздің еліміз секілді бұл аймақ та береке-бірліктің ордасы саналады.   

 

АНДРЕЙ ЭЛКСНИНЬШ, ДАУГАВПИЛС ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:

 - Біз Қазақстанмен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға мүдделіміз. Ол үшін екі елдің халқы бір-бірінің мәдениетін, тарихын тереңірек тануы керек. Мәселен, Абай қазақ халқының өсіп-өркендеуі жолында маңызды рөл атқарған тұлға. Сондықтан осы ұлы ойшылдың еңбегін латыш тіліне аударуды жөн көрдік.

 

Алдағы уақытта «Қара сөздерді» литва және эстон тілдеріне аудару жоспары бар. Бүгінде латын қарпіне көшуге қамданып жатқан Қазақстанның төл әдебиетін әлем халықтарына таныту мүмкіндігі одан да кеңейе түспек.

 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, АҚЫН:

 - Латын әліпбиіне көшудің толып жатқан қиыншылықтары болғанымен, жақсылықтары да болайын деп тұр. Ұлттық, ақыл-ой болмысымызды байқататын терең шығармаларымызды алдыңғы шепке қойып, әлемдік деңгейге ұсынуға жол ашылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер