Тура бір жарым ғасыр бұрын жазылған Лев Толстойдың «Анна Каренина» романынан әр режиссер өз тақырыбын тауып, өзінше сахналап келеді.  Игі дәстүр елордадағы М.Горький атындағы мемлекеттік орыс драма театрында лайықты жалғасын тапты. Әлемдік классикаға айналған шығарма желісіне литвалық режиссер Агнюс Янкявичюст жаңа дем қосты. Бұл нұсқада әдеттегі қос ғашықтың  махаббатын, лирика мен жалындаған сезімді табу қиын. Тек жанұшыра бақыт іздеген әйелдің күйзелісі көркем шығарма табиғатын өзге қырынан танытқан поэтикалық шешім бар. Қойылымның жүгін арқалаған осынау сахналық бейнені ашқан Светлана Фортуна көз жасымен де, шат күлкісімен де көрермен ойына қозғау сала білді.

СВЕТЛАНА ФОРТУНА, АКТРИСА

– Анна Каренинаның жан дүниесі әр әйелдің бойында кездеседі. Сондықтан бұл бейне  кез-келген нәзік жандыға жақсы таныс. Ол махаббатсыз өмір сүрудің қаншалықты ауыр екені баян етеді. Өз жұмысым туралы жарыла сөз қозғауға бейілді емеспін. Алайда  Аннаны сомдау маған биылғы этникалық театрлардың байқауында «үздік әйел рөлі» аталымын алып бергенін айтқым келеді. 

Спектаклдің көркемдік мазмұны мен өзегін ашуда Анна Каренинадан бөлек жұбайы Алексей Каренин мен сүйіктісі Алексей Вронский үштігінің маңызы зор. Кейіпкерлер арасында өрбіген қарым-қатынас, отбасының шырқын бұзған жұбайлардың ұрыс-керісі драмалық қойылымға қасіретті із ұялатумен тынады.

МАКСИМ ЯЩЕНКО, АКТЕР:

– Бұл оқиға ұлы махаббат сезімімен ойнаудың арты бақытсыздыққа әкеліп соғатыны жайында ой тастайды. Спектакль адам бойындағы түрлі сезімге толы. Бірақ оны жалындаған шынайы ғашықтық  деп айту қиын. Сүйіспеншілік сезімі тек бір жақты. Мен үшін бұл актерлік жолымдағы ең үлкен рөл болды.

Ендігі кезекте өнер ұжымы қойылымды арқалап, гастрольдік сапармен ел аралаймыз деп қамданып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер