Қазақстан жастары киелі жерлерді аралайды. Оңтүстік Қазақстан облысында басталған «Этноартфестиваль» шарасына еліміздің түкпір-түкпірінен жас белсенділер жиналды. Олар алдымен Шымкенттің іргесіндегі Сайрамның тарихи орындарын аралады. Мұнда Қожа Ахмет Яссауидің ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың сүйегі жатыр.

ТОҒЖАН ДӘУІТБАЕВА, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ӨКІЛІ:

- Негізінде, бұл жердің энергиясы басқаша, яғни, рухани орталыққа келгеніңді сезесің. Туристерді таң қалдыратын өте көп жерлер орындар бар.Себебі ОҚО деген кезде ойға бірінші Түркістан келеді, әрине және облыс жалпы, Шымкент рухани орталық ретінде адамдардың ойында қалыптасқан. Біз таудың да әсем табиғаты бар екенін көрсетеміз.

Шараның екінші кезеңінде қатысушылар Батыс Тянь-Шань тауының бір бөлігін алып жатқан «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық саябағына барды. Олар тау бөктеріне шатыр тігіп, тұмса табиғаты бар жердің саф ауасында демалды. 

АЛМАТ САТЫБАЛДИН, ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫСЫ:

- Біз бүгін осы әдемі «Сайрам-Өгем» деген жерге келдік. Бұл қорғалатын аймақ. Осы жерде біз 5 күн тауға шығамыз. Жастарға осы табиғатты көрсету. Әрі спортқа тартылып табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

Қатысушылар мемлекет қорғауындағы бұл таулы аймақтың шыңына шығып, «Бабалар алаңындағы» жартастарға салынған суреттерді тамашаламақ. Жас саяхатшылар әрі сирек кездесетін аң мен құстарды да көруге мүмкіндік алады.

НҰРСҰЛТАН ДҮЙСЕБАЕВ, ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫСЫ:

- Астанадан келіп отырмын, бұл жер туралы бұрын білген емеспін. Бірінші рет келіп тұрмын. Осы тауларды аралап көптеген сурет бейне түсіріп оны достарыма көрсеткім келеді. Өйткені, бұл жер өте әдемі, өте күшті болады деп ойлаймын.

Этноартфестивальдің негізгі мақсаты – жастар арқылы аймақтағы туристік нысандарды насихаттау,-дейді шараны ұйымдастырушы Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының өкілдері.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер