Жамбыл өңіріндегі 7 тарихи-мәдени нысан еліміздің 100 қасиетті орындарының тізіміне енді. Солардың бірі – көне Тараз қалашығы. Археологтар көне қалашықтың орнын алғаш 1890-ншы жылы зерттей бастаған. Бірде тоқтап, сосын қайта жалғасқан жұмыстар жалпы алғанда 24 жылды құрайды. Осы уақытқа дейін бұл маңнан 50 мыңнан астам түрлі жәдігер табылған.

ТӘКЕН МОЛДАҚЫНОВ, «ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ЕСКЕРТКІШТЕРІ» ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ-МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:  

- Жәдігерлерге қарап, кешегі ата-бабаларымыздың кім болғанын, қандай өнерді меңгергенін, болмыстың қандай заңдылықтарын игергенін , олардың әсемдікке деген көзқарасы , сұлулыққа деген көзқарасы қандай деңгейде болғанын анық, айқын сеземіз, сезіп те отырмыз. 21 ғасыр ұйықтап жатқан ұлы болмыс ашылды деп есептейміз.

Археологтар жұмыс жүргізетін аумақ 6 гектарды құрайды. Әзірге мамандар көне қаланың төрттен бірін қазып үлгерді. Ол жерден медресе, тұрғын-жайлар мен 11-12 ғасырлардағы көне моншаның орны табылған.

РУСЛАН БОРАНБАЕВ, АРХЕОЛОГ:

- Соңғы екі жылда көне қаланың орталық бөлігінде қазба жұмыстары жүргізілуде. Ол жерден тұрғын үйлердің орындары табылды. Орталық көшенің бойын белгіледік. Шығыстан батысқа қарай бағытталған жол табылды. Одан бөлек, солтүстіктен оңтүстікке қараған 3 көше шықты.

Тараздың Ұлы Жібек жолының бойында өте дамыған орталық болғандығын осы маңнан табылған құнды жәдігерлер айғақтайды. Аса шеберлікпен жасалған көне бұйымдар қаз-қалпы сақталған. Ал, түрлі кезеңдерді қамтитын мыңнан астам тиын сауда қатынастарының мықты болғандығын көрсетеді. Көне заттардың барлығы осындағы мұражайда сақтаулы тұр. Ондағы ең құнды экспонаттардың бірі – зергерлік бұйымдар. Екі жыл бұрын табылған көмбеден бағалы металлдардан жасалған 92 түрлі зат шыққан.

АҚЖАН ОРОЗБАҚОВА, ТАРИХШЫ-ЭТНОГРАФ:

- Сырғалар алтыннан жасалған, білезіктер, қола, күмістен жасалған білезіктер. Жасаған жұмысы оте ерекше болып саналады, қазіргі біздің бұйымдармен салыстыратын болсақ.

Археологтар көне қаланың орнынан әлі талай құнды жәдігер шығатынына сенімді. Сондықтан күн жылы кезде мұндағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізілуде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер