Қазақстанда қасиетті жылқы түлігі туралы деректі фильм түсіріледі. «Эквус» трилогиясында жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлі, сондай-ақ, Орталық Азия даласында қасиетті түліктің алғаш рет қолға үйретілуі жайында баяндалмақ. Фильм канадалық режиссер Найоби Томпсонның жетекшілігімен түсіріліп, жұмысқа шетелдің кәсіби кинематографистері, арт-дизайнерлер мен дыбыс режиссерлері тартылады.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

- Елбасының мақаласы «Рухани жаңғыру» шыққаннан кейін, осындай жобаны қолға алып жатырмыз. Бұл тек Қазақстанның телеарналарында ғана емес, бұл жерге бізбен бірге АҚШ телевидениесі, Канада, Франция, Германияның біріккен үлкен жоба жасап жатырмыз. Бұл жобаға біз, былай айтқанда, үлкен қаражат та бөлген жоқпыз. Біздің шетелдік партнерларымыз бізден 2-3 есе көп ақша бөлді.

Тың жобаны іске асыруға еліміздің кәсіби мамандары да атсалысады. Түпкі мақсат – көшпелі халықтың байырғы тұрмысын қаз-қалпында көрсету. Тарихшылар мен археологтардың айтуынша, біздің заманымызға дейінгі 4 ғасырда ата-бабаларымыз осындай үйлерде тұрған. Аумағы шамамен 20-30 шаршы метрді құраған. Елімізге белгілі археолог Виктор Зайберт фильмге қажетті барлық материалдың ғылыми зерттеулерге негізделгенін алға тартады.

ВИКТОР ЗАЙБЕРТ, АРХЕОЛОГ:

- Тарих неолитпен шектелмейді. Қола дәуіріне дейінгі кезеңді назардан тыс қалдырмауымыз керек. Мен 1969 жылғы зерттеуімді есіме түсірдім. Өз көмекшілерімді сол кездегі Никольский ауылына бағыттап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді тапсырдым. Сол жерден шәкірттерім бір бума ұсақ заттар тапқаннан кейін, тарихи орынға жұмыс тобымызбен арнайы барып, 1 күннің ішінде 60 мыңнан астам жәдігер жинадық.

Айта кетейік, түсірілім тамыз айының соңында басталып, Ақмоладан бөлек, Алматы облысында да жүргізіледі. Көрермен назарына келер жылдың қыркүйек-қазан айларында ұсынылады. Туынды әлемнің 50 елінде көрсетіледі деп жоспарланып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер