Атырау облыстық музейінің этнографиялық бөлімінде қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты айғақтайтын жәдігерлер жеткілікті. Мұнда 100-ге тарта күмістен соғылған бұйымдар бар. Ата-бабамыз күміске ерекше мән берген. Мынау – «құстұмсық» жүзік.

ЛӘЗЗАТ САЛЫҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ МУЗЕЙ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Бойжеткен қыз ұзатылар сәтте анасы «құстұмсық» жүзікті қызының қолынан шешіп, қыз жасауымен бірге орамалға түйіп, сандығының түбіне салатын болған. Бір жылдан кейін төркін жұрты апасының жағдайын білуге барғанда «құстұмсық жүзік» қайтып оралатын болса, қыздың шешесі құдағайым қызыма өз қызындай қарайды екен деп, ауыл арасына шағын той жасайтын болған.

«Құстұмсық» жүзік төркініне оралған соң қыз анасы құдағиына арнап «құдағи жүзік» соқтырған. Ол екі саусаққа қатар киіледі. Бұл екі отбасының ынтымағын білдіреді. Ондай жүзігі бар кейуана ортасына сыйлы, келініне қамқор дегенді айғақтайды.

ҒАЛИЯ НАЗАРБЕКОВА, МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Сырға, өңіржиек, түйме тағу да адалдықтың белгісі Бізде сақталған 100-ге тарта бұйым сақтаулы. Барлығының өзіндік сыры, тарихы бар. 

Күміс білезіктің де өзіндік сыры бар. Көне ұғым бойынша жеңнен кірген жын-шайтан әйелдің жан-жүрегін жаулап алады деген сенім болған. Сондықтан да, қос білезік сыртқы күштен қорғайды екен. Ал, тұрмысқа шықпаған қыздар күміс шашбау тағатын болған.

Ер-тұрманды күміспен күптеу де ежелден бар дәстүр. Ердің қасы мен өмілдірік-құйысқанды күміспен қаптау тіл-көзден қорғайды деген ұғым батыс өңірде әлі күнге сақталған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер