Ұлы Абайдың айтып кеткен армандары «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының міндеттерімен ұштасып жатыр. Осыдан бір жарым ғасырдай уақыт бұрын ойшыл ақын халқының өзге елден қалмай, оқ бойы озық тұруын ойлады.

БОЛАТ ЖҮНІСБЕКОВ, АБАЙДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгінгі еліміздің жеткен жетістіктеріне қарап отырсақ, ұлы Абай арманының орындалғанына куәміз. Бізді қазір, Қазақстанымызды, туған елімізді бүкіл дүниежүзі мойындап отыр. Оған көп дәлел келтірмей-ақ, күні кеше ғана Астанамызда ашылған халықаралық ЕХРО көрмесін айтсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймын.

Рухани жаңғыру туралы мақалада елдегі татулық, тұрақтылыққа да аса мән берілді. Ал Абай: «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос», - деді.

МЕКЕМТАС МЫРЗАХМЕТОВ, АБАЙТАНУШЫ:

- Абайды біз толық меңгерсек, оның ілімін меңгерсек, өзімізден өзіміз жаңарамыз. Міне, кілт осында жатыр. Осы кілт арқылы біз әбден мінез-құлқы бұзылған халқымызды Абайдың армандаған толық адам ілімі арқылы тазартып аламыз. Рухани тазартамыз, жаңғыртамыз.

Ғалымның ойынша, Абайдың «Толық адам» ілімі ақыл, әділет, рақым деген үш компоненттен құралады. Мұның бәрі - тұнып тұрған адамгершілік пен ізгіліктің моделі. Ұлы Абай қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге баға жетпес рухани қазына қалдырды. Мұны оның философиялық мұрасының орыс, қытай, француз, поляк және түркі халықтарының тілдеріне аударылғаны сөз айтпай-ақ, жеткізіп тұрса керек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер