Сыр өңіріндегі түрлі этнос өкілдері еліміздің бірқатар көне қалалары мен киелі орындарына саяхат жасады. Тарихи-танымдық экспедицияға рухани жаңғыру шеңберінде қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы арқау болды. Саяхат Отырар төбеден басталды. 12-ші ғасырда гүлденген қаланың үш қақпасы болған. Соның оңтүстік-батыс қақпасы қазір қалпына келтірілуде. Төбеде қазба жұмыстары басталған 40 жыл уақытта мұнда 25 мыңдай құнды жәдігер табылған. 

Оңтүстік өңірге аяқ басқан мейманның түркі әлемінің рухани орталығы – Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстанбаб кесенесіне аялдамай кетпесі анық. Археологиялық, тарихи, сәулет өнерінің үздік ескерткіштері шоғырланған қорық-мұражайымен қызылордалықтар да кеңінен танысып шықты.

 

ГАЛИНА ЩЕРБАКОВА, «СЛАВЯНЕ» ЭТНО-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз туған өлкеміздің тарихын тереңірек білуіміз керек. Ата-бабаларымыздың өмір жолын, тұрмыс-салтын, ерлік істерін жас ұрпаққа жеткізу бізге міндет. Сондықтан, бүгінгі шараға аға буынмен бірге жастардың да қатысуы өте орынды.

 

Ақ Орданың астанасы, саяси-экономикалық орталық - Сауран қаласының да бүккен сыры құм қойнауынан аршылуда. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көне қаланың солтүстік қақпасы, медресе мен мешіті қайта қалпына келтірілген.

 

ЛӘЙЛӘ ТӨРЕШОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Алдағы уақытта экспедиция өңірдің басқа да киелі жерлеріне саяхат жасайтын болады. Олар насихаттау жұмыстарын жүргізеді деп ойлаймыз. Бұның барлығы осы Қазақстандық патриотизмге тәрбиелейді және бірлік, қоғамдық келісім құндылықтарын нығайтады деп түсінеміз.

 

Қазақ жерінде түркі мәдениетінің алтын қазығы саналатын көне шаһарлар көп. Соның бірі Қаратау етегіндегі ортағасырлық Сығанақ қаласының орнын ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналдыру жоспарланған. Рухани құндылықтарды жанғырту бастамаларын насихаттауды мұрат еткен экспедиция сапары жалғаса бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер