Германияда Қазақстанның халық артисі Айман Мұсақожаеваның жетекшілігімен Еуразиялық симфониялық оркестрінің концерті өтті. Майндағы Франкфурт қаласында болған шығармашылық кеш екі елдің 25 жылдық достығына арналды. Шараға белгілі неміс саясаткерлері, дипломаттар мен өнер сүйер қауым жиналды.

Қазақстандық музыканттар неміс көрермендерін қайран қалдырды. Өнер майталмандары әлемге әйгілі классикалық туындылар мен ұлттық музыкалық композицияларды орындады.

МАРТИН БЕНИШ, КӨРЕРМЕН:

- Мені қазақтың ұлттық аспабы қайран қалдырды. Өнер майталмандары домбыраны асқан шеберлікпен орындайды екен. Бұл бір ұмытылмас сәт болды. Өте тамаша әсер қалдырып отыр.

ЗАБИНЕ БЕНИШ, КӨРЕРМЕН:

- Бұл күшті концерт! Қазақ халық музыкасын сүйсініп тыңдадым. Әсіресе, мені жас скрипкашылар таң қалдырды.

Музыкалық кеште қазақстандық композитор Рахат-би Әбдісағын өзінің жаңа еңбегі - «Романтизм жаңғырығы» атты төл туындысының тұсауын кесті. Бұған дейін ол 100-ден астам композиция жазған.

РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒЫН, ПИАНИСТ, КОМПОЗИТОР:

- Камералық оркестрмен ойналған музыкалық композицияда романтизмнің 19-ыншы ғасырдан 20-ыншы жүзжылдыққа аяқ басқан кезеңі суреттеледі. Яғни, мұнымен өркениеттің дамуын көрсеткіміз келді.

Ал, атақты Айман Мұсақожаева бұл күні Прокофьев симфониясы мен Брамс концертін орындады. Көрермен орнынан тұрып, қол соғып қошеметтеді.

АЙМАН МҰСАҚОЖАЕВА, ПРОФЕССОР, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ:

- Концертті Америка, Еуропа мен Азия елдерінде қою жоспарда бар. Жыл бойы университет факультеттерінің есептік концерттері өтеді. Еурзиялық симфониялық және халық оркестрілері де өз өнерін паш етпек. Осылайша біз студенттерімізге арман-мақсаттарына жету жолдарын көрсетеміз.

Концерттен кейін қазақстандық музыканттар Байройт халықаралық фестиваліне қатысты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер