Батысқазақстандық дизайнерлер ұжымына биыл 17 жыл. Осы мерзімде Раиса, Марина және Натальяның бағындырған белестері аз емес. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамаға Мемлекет Басшысы тарту еткен тұмардың оралдық қыздардың қолынан шыққандығы – соның айғағы. Талантты топ өз туындыларын көптеген көрмелерде таныстырып жүр. Мәселен Дрезденде өткен шарада олардың жұмыстарын жоғары бағалап, бірден сатып алыпты.

МАРИНА ЕРМЕКҚАЛИЕВА, ДИЗАЙНЕР:

- Ол жерде тек қана немістер емес, түрлі ұлт пен халықтардың өкілдері кездесті. Алайда өнер баршаға ортақ болғандықтан ешқайсысы біздің жұмыстарымызды жатырқаған жоқ. Өнердің тілі бәріне де түсінікті. Сондықтан да біздің суреттерімізді шетелде терең түсініп, жақсы бағалап жатқандарына мақтаныш сезімде болдық.

Дизайнерлер тобының әрбір туындысы – ұжымдық еңбектің нәтижесі. Шығармашылық кеңесте жаңа дүниенің мағынасы мен мақсаты, түсі мен өрнегі, тіпті жасалатын материалына дейін әбден талқыланады. Ұсақ-түйектерге шейін ұмыт қалмайды. Содан да шығар, олардың қызметі әлемде сұранысқа ие. Бүгінде батыс қазақстандық шеберлердің шығармалары 50 шақты елге тараған.

НАТАЛЬЯ БРИКС, ДИЗАЙНЕР:

- Әр жұмысымызда біз кенептің түр-түрін пайдалануға тырысамыз. Ол айналасындағы өзге жұмыстармен үйлесім табуы тиіс. Мәселен мына туындыға қараңызшы, бір көргенде аса бір көп түсті емес, бірақ өзара жарасым тауып тұр.

РАИСА АЛЕКСЕЕВА, ДИЗАЙНЕР:

- Басты мақсатымыз – интерьерге жылылық енгізу. Безендіруде тек өзіміздің ойлап тапқанымызды емес, бабалардан қалған тәсілдерді де қолданамыз. Мәселен кілемдер мен басқұрлар кез-келген үйдің ішін жайнатып сала береді. Яғни олар әркез табиғи материалдардан жасалып, адам қолының қуатын сыйлайды.

Шығармашыл ұжымның еңбектері ЕХРО-дағы Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері көпшілік назарына ұсынылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер