Баянауыл өңірінде «Хан қорық» халықаралық фестивалі өтті. «Туған жер» бағдарламасы шеңберіндегі бұл шара биыл халықаралық мәртебеге ие болды. Осы жолы Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Қазақстаннан қатысушылар бар. Солонго Хавдолдақызы мен Айнұр Бақытқызы Баянауылға жету үшін 12 сағаттық жолды еңсеріпті.

 

АЙНҰР БАҚЫТҚЫЗЫ, ХОВД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ /МОҢҒОЛИЯ/:

 - Бұнда ата-бабаларымыз шайқасқан. Сол кісілердің арқасында осы қазағымызға қалған жер деген сияқты. Соның арқасында ұрпақтан-ұрпаққа қазағымыз жайлап, мынандай әдемі саяхат орын салған екен. Өте керемет.

 

Жастардың бір тобы қазақ батырларының ерлігін паш етті. Олар сауыт-сайманды түпнұсқасы бойынша құрастырды. Мәселен, бұл – 15-ғасырда өмір сүрген батырдың дулығасы. Құрыштан құйылған дулығаның салмағы 3 келіден асады. Ал сауыт-сайманның ауырлығы 40 келідей.  

 

ЕРБОЛАТ УАТХАНОВ, ДЕЛЕГАТ /АСТАНА/:

 - Ең бастысы сауытты кию емес. Мақсат – қасиетті жерімізді қорғаған батырларымызды ұмытпай, олардың ерліктерін үлгі тұту. Әскери өнерін жетік меңгеріп, сол заманда Отан қорғау қаншалықты қиын болғанына көз жеткіздік.

 

Шараға қатысушылар тарихи жаңалықтың куәсі болды. Бұл – Баян өлкесінде «Қорымдар даласы» аталып кеткен жер. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары ашылса да, зерттелмей қалған. Биыл қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдар бір ғана емес, қаз қатар тізілген тоналмаған бейіттерді тапты.

 

ТИМУР СМАҒҰЛОВ, АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл ескерткіш біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдыққа жатады. Баянауылдағы ең ірі қорым. Бүгін ежелгі адамның сүйегін таптық. Енді антропологиялық зерттеулер жүргізіледі. Осы мола арқылы ежелгі адамдардың күнге табынғанына көз жеткіздік.

 

Жаңадан ашылған ескерткіштер Павлодар облысының киелі жерлері картасына енгізілмек. Айта кетерлігі, 2,5 мың жылдық тарихы бар «Мұртты қорған» ескерткішіне бір күнде 200-ге жуық турист келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер