Дүйім жұртты тамсандырған кең тынысты дауыс ырғағы мен мінсіз актерлік шеберлік.  Елордалықтар мен шаһар қонақтары опера әлеміндегі өзіндік орны бар ерекше құбылыстың куәгері болды. ЕХРО-2017 көрмесі аясында Джузеппе Вердидің «Травиата» операсы қойылды. Арқа төрінде аты айдай әлемге танылған операның хас шебері Пласидо Домингоның өзі өнер көрсетті. Гиннестің рекордтар кітабына енген мега-жұлдыз қамқор әке Жорж Жермонды сомдады.

Сонымен қатар, қойылымға Еуропа, АҚШ, Қазақстанның жез таңдай әншілері мен майталман музыканттары жұмылдырылған. Альфредтің партиясын «Астана Опера» театрының жетекші солисі, тенор Медет Шотабаев орындады. Оның ғашығы Виолеттаның ролінде – соңғы 50 жыл ішінде үздік орындаушылардың бірі атанған Латвияның күміс көмейі Марина Ребека.  Дирижері – АҚШ-тан келген атақты маэстро Юджин Кон.  Залда ине шаншар орын жоқ. Көрермен әрбір талант иесін сүйсіне тыңдады.

МАРИНА РЕБЕКА, ОПЕРА ӘНШІСІ /ЛАТВИЯ/:

- Бұл рөл менің жаныма аса  жақын. Әлемдік сахнаға жолымды ашқан басты партиям. Кейіпкеріммен біте қайнасып кеттім. Оның ерекшелігі, керемет вокалмен қоса, актерлік ойын үшін ауқымды кеңістік қалдырады. Виолетта бейнесінің сан қыры бар. Әрбір қойылымда алуан түрлі болғанымен, үнемі шынай әрі адал.

ЮДЖИН КОН, ДИРИЖЕР /АҚШ/:

- Мұндай опера театрының болуы елдің мәдениетін танытса керек. Маған қатты ұнады. Әншілері өте жоғары деңгейде. Қазақстандық мамандармен бұрын да жұмыс істедік. Олар әрқашан жаңашылдыққа құмар. Бұл қойылым техникалық жағынан ауыр. Соған қарамастан, хор әншілері үлкен шеберліктерін көрсетті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер