Астанаға Голливуд жұлдызы Джон Малкович келді. Бұл атақты актердің осымен Қазақстанға екінші мәрте аяқ басуы. Бірнеше жыл бұрын белгілі продюсер және режиссер Алматыдағы Қазақстан-Америка кино байқауына қатысқан болатын. «Оскар» жүлдесінің екі дүркін үміткері бұл жолы  халықаралық «Еуразия» кинофестиваліне арнайы шақыртылған. Шетелдік мейман сапары барысында ЕХРО көрмесімен танысып,  Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымымен кездесті. Білім ордасы қонақты қазақтың дәстүрлі күйімен қарсы алды.

Сондай-ақ, Джон Малковичтің құрметіне еліміздің халық артисі Айман Мұсақожаева симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен классикалық   шығармалар орындап, өнерімен тәнті етті.

Кейін кино өнерінің майталманы баспасөз маслихатында журналистер мен жанкүйерлерінің сауалдарына жауап берді. Джон Малкович әңгіме барысында киноөндіріс саласындағы жетістіктермен бөлісіп, жас актерлерге кеңестерін берді.

 

ДЖОН МАЛКОВИЧ, АКТЕР /АҚШ/:

 - Кино өнерінде шектеу мен шекара жоқ. Бұрынғыдай Голивуд пен Еуропалық фильмдердің мысы басым емес. Әлем бойынша кинофестивалдер ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Өз басым Азия елдерінде талай керемет кинотуындылар түсірілетініне көз жеткіздім. Кино – халықаралық тіл. Қай жерден шықса да, баршаға түсінікті. Мен қазақстандық кино өндіріс саласының мамандарымен кездесу мүмкіндігіне ие болдым. «Алмас қылыш», Сталинге хат» фильмдерінің режиссерімен тілдестім. Тарихи кинотуындылар маған қатты ұнады.

 

Кездесу барысында Джон Малкович жергілікті мәдениет пен өнерді тану үшін елімізге арнайы саяхат жасауды жоспарлап қойғанын тілге тиек етті. Әріптесі Майкл Фиджеральдпен бірге жасап жатқан соңғы тарихи туындысын түсіруге Қазақстанның табиғаты аса қолайлы екенін айтады. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге барынша тырысатынын тағы жасырмады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер