Қазақстандықтар рухани жаңғыру жобасына атсалысуда. Жезқазғанда «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде «Тарихта өз атыңды қалдыр» шарасы қолға алынды. Нәтижесінде, жергілікті тарихи-өлкетану мұражайы құнды жәдігерлермен толықты. Ауыл-аймақтағы ағайын 600-ге жуық көне зат тапсырған.

Ең бағалы жәдігердің бірі – көрнекті ақын, әрі сазгер Тайжан Қалмағанбетовтың сырнайы. Музыкалық аспапты 1912 жылы Орынбор губернаторлығына қарасты Троицк қаласында Александр Орлов деген шебер жасаған. Оны ақын Көкше жерінде сатып алады. Бала Тайжанның өнерге бетбұруына нағашысы Үкілі Ыбырайдың ықпалы зор болған деседі. Ел арасында ол Сырнай ақын деген атпен жақсы таныс,-дейді немересі Әниза Қалмағанбетова әжей.

 

ӘНИЗА ҚАЛМАҒАНБЕТОВА, ТАЙЖАН АҚЫННЫҢ НЕМЕРЕСІ:

 - Үкілі Ыбырайдан келген қасиет екен. Сырнай әкем сол жаққа барып Көкшетауда жаңағы Ыбырайдың әрі жиені, әрі апасының баласы, сол жақта болып, біраз жылдар тәрбиесін алады.

Ал мына құнды жәдігер – Бағаналы елін басқарған Бұзау болыстың құндыз бөрігі. Оны мұражайға болыстың шөбересі Жүсіп Ыбыраев әкеліп тапсырды. Бұзау болыс ел арасында аса сыйлы болған. Бөрік 40 жыл сақталған.

 

ЖҮСІП ЫБЫРАЕВ, БҰЗАУ БОЛЫСТЫҢ ШӨБЕРЕСІ:

 - Ертеде мынау Романовтардың 300 жылдығына барған сурет. Бірақ суреті бар Бұзау бабамның. Мына кісі Бұзау, мына кісі Қалманбай, мынау Аңсаған деген кісі. Осы бөрікті киіп тұр атамыз суретте.

 

Бүгінде Жазқазған мұражайының қорында 49 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында танымал тұлғардың тұтынған заттары, қолжазбалары, тарихи суреттер, сирек кітаптар және тағы басқа жәдігерлер бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер