Бір сахнада 1200 өнерпаз. 5 есеге ұлғайтылған симфониялық оркестр мен 20 кәсіби хор. «Астана Опера» театрында Ұлы композитор Густав Малердің «Мың қатысушының әуені» деп аталатын №8 симфониясы алғаш рет орындалды. Әлемдік классиканың жауһарын өз дәрежесінде ойнау үшін музыканттар саны  айтарлықтай көп болуы қажет. Алайда ғасырдан артық уақыт бұрын шыққан туындыны осыған дейін мұншалықты көп адам орындаған емес. Осылайша, Қазақстанда өзге сахналарда  бұрын-соңды болмаған жаңа жобаның тұсаукесері өтті. Яғни, ауқымдылығы жағынан әлемдік рекорд орнатылды деп айтуға болады. Көлемді концертке атсалысқандардың 99% - қазақстандықтар. Музыкалық қойылымға еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев жетекшілік жасады. Отандық дирижер  өшпес туындыны жергілікті өнер сүйер қауымға тартуды  әуелден мақсат еткенін айтады. 

 

АЛАН БӨРІБАЕВ, ДИРИЖЕР, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Малердің симфониясына тоқталар болсам, оны тыңдау сондай жеңіл болғанмен, орындау өте ауыр. Өйткені, композитордың шығармасын ойнау техникасы жағынан өте күрделі болып келеді. Әуен әлеміндегі хас шебердің жойқын шығармасы әр адамның жанына жақын да түсінікті тақырыпты, көркем де мәнерлі тілді, зор ауқымдылықты сипаттайды. Ал енді мұндай аса ірі жобаны жүзеге асыру – кез келген ұжым үшін үлкен сын. Біз үшін бұл өнерімізді бірден жаңа кәсіби белеске көтеретін маңызды концерт.

 

ДЖУЗЕППЕ АКУАВИВА, «КАРЛО ФЕЛИЧЕ» ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

 - 2015 жылы Миланда өткен ЕХРО көрмесінде «Астана Опера» тетрының 4 солисі бізбен бірге Бетховеннің 9-шы симфониясын орындаған еді. Араға екі жыл салып Қазақстанда енді бір ғұлама шығарманы ойнау барысында басымыз  қосылды. Біз классикалық музыка тарихындағы аса ірі концертке демеу болу үшін Италиядан 70 музыкант ала келдік.

 

Қызықты бір мәлімет келтіре кетсек, бұл шығарма алғаш рет орындалғанда  Еуропада ЕХРО көрмесі өтіп жатқан. Енді міне маңыздылығы жойылмайтын туынды елордадағы дәл сол жаһандық шара аясында көпшілік назарына тағы ұсынылып отыр. Бір жарым сағатқа созылған концерт аяқталғаннан кейін көрермендер кеш тағы да ұзара түссе екен деген күйде қалды. Залға лық толы қауым ыстық ықыласын жарты сағатқа жуық үздіксіз қол соғып танытты.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер