ЕХРО көрмесіне келушілер жасыл энергетика жетістіктерімен қатар, әр елдің ұлттық салт-дәстүрімен де жіті танысып жатыр. Қалашықта жүріп, әлем халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік бар. Талғампаз қонақтарға 60-қа жуық тамақтану нүктесі қызмет көрсетіп, астың түр-түрін ұсынады.

Италиялық мейрамхана қызметкерлері келушілерді осылай құшақ жая қарсы алады. Бас аспаз – Марио Соббиа. Оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 60 жылға жуықтаған. Жасының 80-ге келіп қалғандығына қарамастан, әлі сүйікті ісін тастағысы жоқ. Ол әлемнің әр түкпірінде өткен бірнеше ЕХРО-ға арнайы барып, тағам дайындаған. Енді міне Астанаға келді.

 

МАРИО СОББИА, БАС АСПАЗ /ИТАЛИЯ/:

 - Біз Италияның нағыз дәмін алып келдік. Спагетти, пицца дәмі тіл үйірер пасталармен дайындалады. Бұған дейін Америкада, Бразилияда, Кореяда мен Қытайда болдық. Енді міне Астанада мейрамханамыз бар. ЕХРО-ға келгендердің көбі бізге арнайы соғады.

 

Тамақтың қаншалықты дәмді дайындалғанын аспаз келушілерден өзі сұрап білуі керек. Италия мейрамханасында дәл осылай жасалады.

 

КАМИЛЛА ГИЗАТУЛИНА, ТУРИСТ /АЛМАТЫ/:

 - Біз мұнда кездейсоқ кірдік. Бізге ұнады. ЕХРО бірінші кезекте, әлем халқын баламалы энергияны тиімді қолдануға шақырады. Сонымен қатар, әр түрлі ұлттың сал-дәстүрімен, мәдениетімен жақын танысуға да мүмкіндік береді.

ЕХРО қалашығының аумағында әлемнің 14 елі ұлттық мейрамханалары жұмыс істейді. Малайзия, Иордания, Пәкістан халықтарының тағамдарынан дәм татуға болады. Ал, өз еліміздің мейрамханасынан кісі арылмайды. Мұнда нағыз қазақы дастархан жайылған.  

 

РАШИД БАЙБОЛАТОВ, РЕСТОРАТОР:

 - Бізде еттің бірнеше түрін ұсынамыз. Өз еліміздің ерекшеліктеріне тән батыс өңірінің тұрғындары дайындайтын  балық еті, солтүстік облыстар сияқты  жылқы етінен,  сонымен қоса оңтүстік аймақ халқы сүйіп жейтін ет  жылқы мен қой етін араластырып асамыз. Қуырдақ пен сірнеге және ұлттық сүт тағамдарына  тапсырыс көп түсіп жатады.

 

Шетелдіктер қазақ мейрамханасына арнайы бас сұғады. 3 тілді жетік білетін даяшылар тағамның құрамын,оның қалай жасалатындығын айтып береді. Мұнда барлық бизнес иелеріне ортақ жағдай жасалған.

 

ДӘУЛЕТ ЕРКІМБАЕВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Шетелдіктерге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Кәсіпкерлердің барлығы бірдей жағдайда жұмыс істейді. Шетелдік инвестор біздің елде  заңды тұлға болып табылады. Барлық көлемдегі салығын төлейді. Олар үш айда салған қаржысын өтей алмайды ғой. Сондықтан біз 5 жылға келісімге отырдық.

 

ЕХРО көрмесінің аумағында көпшілікке  25 мейрамхана мен 33 дүңгіршек қызмет көрсетеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер