Қазақстанда әлемнің үздік опера әншісі анықталады. Астанада ЕХРО-2017 көрмесі аясында дүниежүзілік «Operalia» байқауы басталды. Үстіміздегі шілде айының 29 күні 17 елдің намысын арқалап келетін 40 дарындының есімі белгілі болады. Күміс көмейлілердің төртеуі – қазақстандық орындаушы. Халықаралық әншілер бәйгесінде Мария Мудряк,  Дәмір Сәдуақасов, Станислав Ли және Расул Жармағамбетов бабы мен бағын сынайды.  Бұл орайда үздіктер алты жүзден астам үміткердің арасынан іріктеліп алынғанын айта кеткен жөн. Ширек және жартылай финалда әншілер өздері таңдаған арияларды орындайды. Араға үш күн салып  шешуші сәтте әлем таныған опера өнерінің майталмандарының саралауынан өткен он үміткер бас жүлдеге лайықты екенін тағы бір дәлелдейді.   Қорытынды кезең маэстро Домингоның өзі жетекшілік ететін «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.

 

ПЛАСИДО  ДОМИНГО, «OPERALIA» БАЙҚАУЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мен «Опералияның» Астанада өтіп жатқанына қуаныштымын. Мұнда 9 жыл бұрын болған едім. «Астана опера» театрын аралап үлгердім. Мұндағы дайындық, гримдеу залдары, сахна, бәрі керемет. Оркестр мен хордың жоғары деңгейі жағымды әсер қалдырды. Осындай ғимараттың салынуы – халықтың өнерге деген сүйіспеншілігі мен құрметінің көрсеткіші. Бұл байқау көптеген жас таланттардың жолын ашып, өнердің үлкен айдынына жолдама берген. Осы жолы да солай болады деп сенемін.

Байқаудың жалпы жүлде қоры 180 000 АҚШ долларын құрайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы үздік үштіктен бөлек, бірқатар аталымда топ жарғандары арнайы сыйлықтармен марапатталады. Айта кетерлік жайт, Опера королі атанған әнші әрі дирижер Пласидо Доминго негізін қалаған вокалшылардың ең беделді тартысы елімізде тұңғыш рет өтіп жатыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер