«Жұбайлар жыры», «Неге, неге, неге?», «Ризамын» атты 80-90 жылдары ел арасына кең тарап, хит болған әндердің авторы Бекжігіт Сердәлі бүгінде Түркістан қаласында тұрады. Жоғары оқу орнында ұстаз. Әуесқой сазгер ән жазудан әлі күнге қол үзбепті. Қоржынында ондаған туынды бар. Әндері жылдар бойы шырқалып келсе де ол үшін ешуақытта ақы алып көрмеген.

 

БЕКЖІГІТ СЕРДӘЛІ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, САЗГЕР:

 - Елдің ішінде айтып жатса, «Ей тоқтай тұр, мына әннің авторы менмін», деп айқай салу жоқ бізде. Іштей өзіңнің туындыңа, сүйсініп отырасың. Халықтық дүниеге айналғанына қуанасың. Негізі адам өзі үшін жазбайды ғой. Халық үшін жазады. Сондықтан халық айтып жатса қуанамын.

Маңғыстаулық азамат «Сөз бен саз» деп аталатын тың жобаны қолға алды. Белгілі әндердің белгісіз авторларын халыққа таныстыру. Аталған концертке 20-жуық сазгер қатысты. Ешбірі кәсіби музыкант емес. Бірі ауылда шаруашылықпен айналысып, енді бірі кен орнында мұнай өңдейді. Алайда, әндері талай жүректің төрінен орын алған. Осы сазгерлердің үлкені бүгінде 80-ге таяған Шамшадин атай. Маңғыстаудың жастары қарияның күйлері мен әуендеріне сусындап өскен.

 

ШАМШАДИН САБЫТАЕВ, МАҢҒЫСТАУ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ:

 - "Маңғыстау маршы" деген әнім бар. Қазір Маңғыстаудың гимні сияқты болып кетті. Менің атағымды шығарған да сол. Бар жиынтық өнерім сол енді. Қазір өнерді қойдық. Әр нәрсенің өзінің мезгіліне байланысты, жасқа байланысты өзінің істері болады. Маңғыстаудың сазгерлерін жинап, ішінде ақсақалы мені шақырып, сөз бен сазды ұйымдастырып, бағдарламаны жасап жатқан азаматтарға рахметімізді айтамыз. Жақсы нәрсе, әрі қарай жалғасын таба берсін.

«Көбіне ән айтатын әншілер танылады да, олардың жұлдызын жаққан сазгерлер тасада қалып жатады. Менің мақсатым – негізгі еңбек иелерін өсіп келе жатқан ұрпаққа таныту»,-дейді өнер жанашыры Бердіхан Әлмен. Ол осылайша жастардың рухани жаңғыруына өзінің үлесін қоспақ.

 

БЕРДІХАН ӘЛМЕН, «СӨЗ БЕН САЗ» ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

 - "Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан", деп Абай атамыз айтқандай мен осы Маңғыстаудың перзенті ретінде осы сазгерлердің барлық тақырыптағы барлық ән-күйлерін, барлық шығармаларын бір жүйеге келтіріп, СКЛ бір кітапты жинақтап шығарып, сол кітапты Маңғыстаудағы мәдениет үйлері мен барлық мектептің музыка пәнінің мұғалімдеріне апарып, тегін тапсырып, осы туған жеріме кішкене болса да үлесімді қоссам деген арманым бар.

 

Концертте өңір сазгерлері әндерін өздері орындады. Жиналған жұртшылық қосыла ән шырқап, жақсы көңіл-күймен тарқасты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер