EXPO қалашығында – Оңтүстік Кореяның ұлттық күні мерекеленді. Бұған дейін ең үлкен павильонымен және үздік жасыл технологияларымен көпшілікті таңдандырып келген кәрістер, енді мәдени ерекшеліктерімен тәнті қылды. Салтанатты шарада танымал үрмелі аспаптар оркестрі, кәсіби бишілер тобы және ұлттық спорты таэквондоның өкілдері өнер көрсетті. Жалпы, «болашақ энергиясы» деген тақырыптың бұл елге тікелей қатысы бар. Өйткені, баламалы қуат өндіру мен қолдану бойынша кәрістер әлемнің көш басында келеді. Тіпті, 2030 жылға дейін жаңғыртпалы қуатпен ішкі қажеттіліктің 20 пайызын қамтамасыз етпек.

 

САН ЕП КАН, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Жаңғырталы қуат көзіне қатысты технологияларды ұлттық павильонымызға қойдық. Яғни, оны өзіміз қолданып қана қоймай, әлемге көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар,  басқа елдердің де тәжірибесін негізге алып, бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.

EXPO қалашығында Словакияның да ұлттық күні аталып өтті. Еуро-одаққа мүше бұл мемлекет көрме меймандарын ұлттық ән-билерімен қайран қалдырды. Сондай-ақ жасыл энергетика тақырыбына қатысты да қызықты жобалары жетерлік екен. Мәселен «Ақылды үй» 40 градус суыққа, 50 градус ыстыққа төзімді. Құны 100 мың АҚШ доллары тұрады. Қымбат болғанымен, словактар мұндай капсуланың 50 данасын сатып үлгеріпті. Демек, аз да болса, сұраныс бар.

 

ФИЛИП УРБАН, СЛОВАКИЯ БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бүгінде біз энергетикалық тиімділік пен қауіпсіздікке баса назар аударып отырмыз. Словакияда табиғи ресурстар тапшы. Еуро Одақтың өзі энергияны Ресей, Норвегия мен Алжир елдерінен сатып алып, ол үшін күніне 1 млн еуро жұмсайды. Біз астық, жүгері секілді биомассадан қуат көзін өндіруді қолға алып отырмыз.

Бүгінде Словакияда баламалы энергияның үлесі 14 пайыз. Ендігі міндет - 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 20 пайызға жеткізу.

Көрме аясында Оңтүстік Африка Республикасының да ұлттық күні мерекеленді. Африкалықтар Сарыарқаның салқын ауа райына қарамастан, өздерінің Еркіндік және Нельсон Мандела күнін атап өтті. Осыған орай, салтанатты шара ұйымдастырылып, Қазақстан мен Оңтүстік Африканың әнұрандары шырқалды және тулары көкке көтерілді. Бұл ел көрмеге қазба байлықтары жайлы ақпаратын ала келіпті. Өйткені, Оңтүстік Африка - алтын, платинум, хром өндіруден дүние жүзінде алғашқы орында тұр. Сондай-ақ күн және желден қуат алатын технологиялары жайлы ақпаратты бейне ролик арқылы көрсетіп берді.

 

ЛОРЕНЦО РОМЕО РАЙНАРД, ОАР ДЕЛЕГАЦИЯ ӨКІЛІ:

 - Өздеріңіз білетіндей біздің елде күн шыжып тұрады. Мұны қажетінше игілігімізге жаратып келеміз. Жыл бойы күннен қуат алатын электростанциямыз бар. Сонымен қатар, судан энергия алу тәсілін де қолға алып отырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер