Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының белді әртісі Нұржан Мұсаев ата кәсіпті дәріптеп жүр. Кәсіби актер 20 жылдан бері домбыра жасап, ұлттық құндылықты жаңғыртып келеді. Бүгінге дейін шебердің қолынан 800-ден астам саз аспабы шыққан. Оның туындыларына белгілі күйшілер мен жыршылардың ықыласы ерекше. Нұржан алғашқы домбыраны 15 жасында жасап, әкесіне сыйлапты.

 

НҰРЖАН МҰСАЕВ, АКТЕР, ДОМБЫРА ЖАСАУШЫ ШЕБЕР:

 - Домбырасы сынып қалды. Біреу басып кетті ма мойны сынып қалды, сол кезде әкем ренжіп айтқан. Есік алдында балка жататын, әкемнің саймандарын алып, сол домбыраны жасап шығардым. Сосын кешке мал бағып келгеннен кейін әкем мәз болып қалсын деп төрге іліп қойдым үкісін тағып. Сол кезде әкемнің көргені, қуанғаны, бала құсап қуанғаны әлі есімнен кетпейді.

Жуырда Нұржан домбыра жасаушылардың аймақтық «Үкілі домбыра» байқауынан бас жүлдемен оралды. Жоғары бағаланған қоңыр үнді домбырасы Ықылас атындағы республикалық музыка аспаптарының музейіне қойылды. Ол жасаған домбырамен Қаршыға Ахмедияров, Сержан Шәкірат сынды көптеген қазақ өнерінің саңлақтары күй шертіп, өнер көрсеткен.

 

СЕРЖАН ШӘКІРАТ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, КҮЙШІ:

 - Менде 4 домбыра бар. Соның үшеуін Нұржан жасаған. Мұның домбыралары негізгісі қолға жатық ең бірінші. Содан кейін үні, домбыраның сабына, өн бойына дыбысы біркелкі. Өте жақсы.

 

Шебер атадан балаға дарыған өнерді өзінің төрт ұлына үйретіп, мұра етіп қалдырғысы келеді. Сондай-ақ өңірде ұлттық музыкалық аспап жасайтын мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеуді көздейді. «Бабалар арманын, даламыздың сыры мен жыр аманатын жеткізе білген домбыра – біздің ұлттық құндылығымыз. Сондықтан да ұл-қызымызды домбыраның үні арқылы тәрбиелеуіміз керек»,-дейді шебер.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер