«Сақ алтыны» Астанаға жеткізілді. Ұлттық музейде ашылған ерекше көрмеге б.з. д VII-II ғасырлардағы ежелгі көшпенділердің қазыналары ұсынылған.
Экспонаттар – Орынбор губернаторлық тарихи-өлкетану мұражайынан, Ұлттық музейден және танымал қазақстандық реставратор Қырым Алтынбековтың топтамасынан алынған бірегей олжалар. Барлығы 200-ге жуық артефакт бар. Тіпті, ешбір музейден табылмай   тын сармат қылышы да осында. Мәскеулік реставраторлар оны енді жасалғандай кейіпке келтірген. «Бұл өте маңызды іс. Өйткені тарихи жәдігерлерді табу бар да, оларды осындай көрмелерге жеткізу бар»,-дейді суретші-реставратор Қырым Алтынбеков.  

 

ҚЫРЫМ АЛТЫНБЕКОВ, СУРЕТШІ-РЕСТАВРАТОР:

 - Сол дүниелерді қалпына келтіру үшін 1 секундтың өзі маңызды. Өйткені мыңдаған жылдар бойы жердің астында жатқан дүниені алып шыққаннан кейін жылы ауада кеуіп кетеді. Оны болдырмайтын әр түрлі әдістеріміз бар.

Сондай-ақ музейде «Сақ алтынымен» бір уақытта Жібек жолы елдерінің тарихи-мәдени көрмесі ашылды. 3D технологиялардың көмегімен әрбір келуші ортағасырдағы жолдармен саяхат жасай алады. Сол кездің қолөнершілері жасаған көне жәдігерлерді көруге де болады. Көрменің қазақстандық бөлімінде Отырар, Сығанақ, Талғар, Тараз сынды көне қалалар мен тарихи ескерткіштер ұсынылған.

 

КАРЛ БАЙПАҚОВ, ТАРИХШЫ-АРХЕОЛОГ:

 - Астанада ЕХРО-ның өтуі осындай ерекше көрмелерді елімізде тамашалауға мүмкіндік береді. Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстырған. Бұл жерден Жібек жолының аса маңызды тармақтары өткен болатын. Әр көне қала Қазақстанның көшпенділер мекені ғана емес,  жоғары қалалық мәдениеттің орны болғанын дәлелдейтін бай тарихымыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер