EXPO қалашығында Комор аралдары ұлттық күнін тойлады. Кәрі Құрлықтың шығысында орналасқан бұл мемлекетті таныстыруға Сыртқы істер министрлігі және Ынтымақтастық Одағының бас хатшысы Әли Мұхамед Сойлихи мырза келді. Шара басында африкалық ел мен Қазақстанның әнұрандары орындалып мемлекеттік тулары көтерілді. Бүгінде Үнді мұхитында жатқан архипелагтағы халықтың саны - 900 мың. Дені ауылды аймақтарда тұрғандықтан, ел экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Комор Одағы көбіне ваниль. иланг-иланг және қалампыр сияқты өсімдіктерді экспорттайды. Соңғы он жыл бойы, мұнда электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай жатыр. Тіпті, Комор Аралдары түгелдей жарықсыз қала жаздаған күндер де болыпты. Қазір ел Президенті бұл мәселені шешудің жолын тапқан сияқты.

 

ӘЛИ МҰХАМЕД СОЙЛИХИ, КОМОР АРАЛДАРЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Бүгінде біз «Комор Аралдары-2030» атты ұлттық жоспарды жүзеге асыруды қолға алдық. Бұл ел экономикасын қайта қалпына келтіріп, әлеуметтік дамуға серпін бермек. Біздің Президент былтыр электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін халықаралық ынтымақтастық көздерін іздеуге кірісті. Комор аралдарына қаржы тартып, электр станцияларын салу көзделген. Ал, Астана EXPO-2017 көрмесі біз үшін энергетикалық проблеманы шешуге жақсы мүмкіндік береді, деп ойлаймын.

Сондай-ақ, халықаралық көрмеде Чехия республикасының ұлттық күні өтті. Еуропа төріндегі шағын ел «Іске асырудағы тапқырлық» тақырыбымен өз павильонын салтанатты түрде ашты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстанның жаңа жобалары осындай ынтымақтастықты бір арнаға қоюға жақсы мүмкіндіктер береді. ЭКСПО аяқталғаннан кейін көрме аумағында бірнеше халықаралық институттар пайда болады. Солардың ішінде Астана халықаралық қаржы орталығы, жаңа технологиялар паркі, БҰҰ аясындағы жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту орталығы. Даму міндеттерін іске асыру барысында Еуроодақ мемлекеттерімен соның ішінде Чехиямен өзара тиімді ынтымақтастық ерекше орын алатынына сенімдімін.

Чехия павильонында тың технологияға негізделген жаңалық көп. Мысалы қоқыс өңдеп, одан жарық пен жылу энергиясын алатын зауыт жұмысымен танысып, электр тогымен самғайтын екі адамдық ұшақты көруге болады. Чех инженерлері құрастырған шағын әуе көлігі 400 вольт энергиямен бір сағат бойы көкте қалықтай алады. Электр энергиясынан қуат алатын велосипед те бүгінгі көрме төрінен орын алды. Ол толық қуатталғанда сағатына 45 шақырымды артқа тастап, 120 шақырымға дейін тоқтамай жүре алады. Мұндай велосипед әсіресе қалалықтар үшін өте ыңғайлы, себебі тез жиналады.  

НҰРСИПАТ ҚАТБЕК, ПАВИЛЬОН ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Чехия мысалы өзінің елінде он жылдан аса электрикалық велосипедті қолданады. Яғни ол машинаға альтернативті транспорт болып табылады. Сондықтан электрикалық велосипедтерді қолдану осы Чехияда өте дамыған және ол экологияны сақтауға мүмкіндік береді.

Қазір чех инженерлері ұшатын велосипедті құрастырып жатыр. Әзірге ол көрмеде жоба күйінде тұр. Астанада таныстырылған қанатты велосипедті болашақта күнделікті өмірде көріп қалуымыз ғажап емес.

Ал көрмедегі Кариб теңізі елдерінің ұлттық күніне арналған салтанатты шарада халықаралық бірлестіктің туы көтеріліп оған мүше мемлекеттердің мәдени бағдарламасы көрсетілді.

EXPO көрмесіне Кариб аймағындағы 12 мемлекет көрнекі бұйымдарын әкелген. Барлығы бір жерге топтастырылып көпшілік назарына ұсынылып отыр. Жалпы Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығының арасында орналасқан - Ямайка, Барбадос, Суринам, Гайти сынды елдер үшін дүниежүзілік экспо көрмесіне келудің өзі зор мәртебе. Себебі, жер аумағы шағын бұл мемлекеттерді әлем кеңірек біле бермейді. Сондықтан осындай жаһандық жиындар арқылы тарихи-мәдени ерекшеліктері паш етіледі. Айта кетейік, Кариб аймағ, тек шикізат түрлерін тасымалдаумен айналысып табиғи қазба байлық өндірмейді. Есесіне туризм саласы кең етек жайған. Бұл елдер электр энергиясын қымбат бағада сатып алатындықтан баламалы қуат көзіне көшуді межелі мақсат санайды. Ол үшін кейбір ауылдық елді мекендеріне күн панельдерін орнатып жел электр станцияларын іске қосқан.

ДЕБОРА МАЙКЛ, АНТИГУА ЖӘНЕ БАРБУДА ТУРИЗМ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Кариб аралдарына күн сәулесі молынан түседі. Соның арқасында энергетика саласын ілгерілетіп келеміз. Күн панельдерін негізінен мектептерде және мемлекеттік мекемелерде қолданамыз. Мен Қазақстанға үшінші рет келіп отырмын. Соңғы бір жылдың ішінде Астана қарқынды дамыған екен. Оған нақты көз жеткіздім.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер