Немістің Verlag Neue Musik баспасы қазақстандық композитор Рахат-Би Абдысағынның партитурасын шығарды. Осылайша, Рахат-Би әлемге танымал каталогқа шығармасы енген алғашқы қазақ музыканты атанды. Аталған баспаның 60 жылдық тарихы бар. Мұнда төрткүл дүниеге аты мәшһүр Бах, Моцарт, Чайковскийдің шығармалары басылып шыққан.

 

КРИСТОФ ТАГГАТЦ, VERLAG NEUE MUSIK БАСПАСЫНЫҢ ШЕФ-РЕДАКТОРЫ:

 - Каталогтан ағылшын, қытай, италия композиторларының шығармаларын табуға болады. Енді олардың қатарында қазақстандық өнер иесінің де туындысы бар. Біз оның музыкасынан ерекше құдіретті байқадық. Сазы жүрекке жетті. Сол үшін келісім жасадық.

Шетелдіктер Рахат-би Әбдісағынды қазақтың Моцарты деп атайды. Ол көпшілікті таңқалдырудан жалыққан емес. 18 жасында магистратураны тәмәмдаған. Осы уақыт ішінде 100-ге жуық шығарма жазды. Оның туындылары Еуропаның көптеген сахнасында шырқалды. 

 

РАХАТ-БИ ӘБДІСАҒЫН, КОМПОЗИТОР:

 - Музыканың тілі жоқ. Неміс баспасының шығармаларымды жариялауының сыры осында деп білемін. Арманым Қазақстанды әлемге таныту. Бүгінде қазақ шығармалары көп елдің сахнасында шырқалып жүр. Бізге осындай жағдай жасаған Елбасыға алғысымды білдіремін.

Райнберт Эверс қазақстандық композитордың өнеріне жоғары баға берді. Мюнстер университетінің профессоры, гитарист «Тень Альгамбры» композициясын ойнады. Бұл туындыны Рахат-би  Райнберттің тапсырысы бойынша жазып шыққан. 

 

РАЙНБЕРТ ЭВЕРС, МЮНСТЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Бір кездері Рахат-биге маған арнап шығарма жазып берші деп қолқа салдым. Өтінішімді жерге тастамады. Енді соны орындап шықтым. Өте керемет. Рахат әр нотаны жүрегімен сезеді. Ол талантты, дарынды композитор.

Қазақ композиторының шығармалары Берлин тұрғындарын да бей-жай қалдырмады. Екі ел ынтымастығының 25 жылдығына арналған концертке жиналғандар композитор туындыларын ұйып тыңдады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер