ЕХРО-2017 халықарлық көрмесінің аясында елорда әлемдік  классика әуендеріне бөленді.  Қазақстан Орталық концерт залында «Музыка қуаты» үлкен симфониялық саз кеші өтті. Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, Еңбек Ері Айман Мұсақожаева мен италиялық пианист Марко Скьяво, Оңтүстіккореялық виолончельші Пак Хё На және Мексика дирижері Энрике Батис астаналықтар мен қала қонақтарын өнерлерімен тәнтті етті. Халықаралық деңгейде танылған өз ісінің хас шеберлері концерт барысында үш ұлы композитордың шығармаларын халық назарына ұсынды. Елордада бастары қосылған майталмандар Иоганнес Брамстың академиялық салтанатты увертюрасын, Ян Сибелиустің скрипкаға арналған туындысы мен Людвиг Ван Бетховеннің үш бөлімдегі концертін бір бағдарламаға біріктіріп, орындап берді.

 

АЙМАН МҰСАҚОЖАЕВА, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ:

 - Бізде академия мобилити деген бағдарламамыз бар. Сол бағдарламамен біз шетелден белгілі профессорлар, белгілі дирижерларды шақырамыз. Бәріміз бірігіп академиялық солистер камералық оркестрі, Еуразия имфониялық оркестрі, студенттеріміз жоғары классикалық музыка орындап, Астана қаласына көнцерт береміз.

Жалпы, ЕХРО көрмесінің мәдени бағдарламасы мазмұнды. Елорда тұрғындары мен қонақтары классикалық және заманауи музыка жұлдыздарының өнеріне тәнті болуда. Сондай тұлғалардың бірі – танымал италиялық дирижер әрі виолончельші Энрико Диндо. Ол ЕХРО қалашығының аумағында еліміздің мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен бірге концерт берді.

Энрико Диндо әлемдік ірі сахналарда әйгілі театр ұжымдарымен өнер көрсетіп, ерекше орындаушылық қабілетімен дараланған. Оның үстіне, италиялық музыкант Альфредо Пьяттидің 1717-ші жылы жасалған аспабын әлі күнге дейін сақтап, көне жәдігердің сыры мен сынын жоғалтпай келеді.

ЕХРО аумағында орналасқан Энергия Холында тағы бір италиялық музыкант Андреа Луккезини өнер көрсетті. Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен ол елорда тұрғындары мен қонақтарына әсем әуенге толы музыкалық кеш тарту етті.  

 

АНДРЕА ЛУККЕЗИНИ, ПИАНИСТ:

 - Астананы аралауға да, мамандандырылған көрмемен танысуға да мүмкіндігім болды. Керемет әсер алдым. Қазақстанға тұңғыш рет келдім. Маған қатты ұнады. Музыка арқылы өз сәлемімді жеткіздім деп ойлаймын. Дамыған ел екен. Өнерді түсінетін дәрежеде деп ойлаймын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер