Ұлттық мәдени мұра мен заманауи дизайнерлік пішіндердің үндестігі. Елордада «Қала көшпенділері» көрмесі ашылды. Онда қазақстандық шеберлердің қолынан шыққан жұмыстардың бірегей үлгілері қойылған. Мұнда ұсынылған 7 экспонат киіз, былғары мен ағаш сынды дәстүрлі материалдардан аса талғампаздықпен жасалған. Көздің жауын алатын қайталанбас бұйымдар сәндік өнерден бұрын тұрмыстық салтта қолдануға ынғайлы етіп әзірленген. Және жергілікті ауа райына бейімді. Соның бірі – жүннен басылған сөмке-дастарқан. Ол табиғат аясында серуендеу барысында көкке шығып, ас ішуде пайдаланылады. Оның ішіне ең керек деген заттарды салып алып, керек кезде дастарқан етіп жаюға болады.

 

АНАСТАСИЯ ГОНЧАРОВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Көрмені ұйымдастыру үшін үлкен байқау жарияланды. Бұл орайда британдық мамандардың көмегі мол болды. Кингстон университетінің магистранттары Қазақстанға келіп, еліміздің көшпенділік кезеңінен бастап, осы күнге дейінгі мәдени дәстүрінің өзгерісін зерттеді. Соның нәтижесінде, қазақстандық қолөнершілер мен дизайнерлер көрмеге ұсынылған экспонаттардың тұжырымдамасын әзірледі. Шеберлерге ескі дәстүрде болғанымен, бүгінгі заманның келбетін беретін, осы күнге лайық, яғни, экологиялық стандарттарға сай дүниелер жасау талабын қойдық.

 

«Қала көшпендісі кім?» деген сұраққа жауап іздейтін көрме бас шаһарда бір ай тұрақтап, Алматы қаласына жол тартады. Ұйымдастырушылар мұнымен шектелмей, экспонаттардың санын еселейміз деп отыр.Айта кетерлігі, отандық дизайнерлердің бұл еңбектері 12 мыңнан астам адамның қызығушылығын тудырған Лондонда өткен көрмеде болып қайтыпты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер