Еліміздегі тарихи ескерткіштердің үштен бірі Маңғыстау облысында орналасқан. Осы бай мәдени мұраны насихаттау үшін аймақта тұтас бір этноауыл бой көтерді. Мұнда туристердің өздерін жайлауда отырғандай сезінуі үшін барлық жағдай жасалған. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде демалып, таза ауада тамақтанады. Тек қана қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындары ұсынылады.

 

РАЙХАН ҚЫДЫРБЕРГЕНҚЫЗЫ, ТУРИСТ:

 - Кәдімгідей бұрынғы қазақтың ауылына келгендей болып жатырмыз. Осындай табиғатта шәй ішіп ыссы бауырсақпен, дәм татып дегендей. Керемет. Келесіде ойлаймын балаларыммен, достарыммен келу керек деп. Осындай таза ауада демалыу керек деп. Ләззат алуға керемете жер.

 

Көгез атты этноауыл жобасын жергілікті тұрғын Мұқағали Ербозов іске асырған. Мақсаты – шетелдіктерге қазақтың бай мәдениеті мен туған жерінің табиғатын көрсету. Қазір жергілікті өнер колледжінің студенттерімен келісім жасалды. Жазғы демалыста студенттер этноауылға келген қонақтарды домбыра, қобызбен қарсы алып, ән-жырдан шашу шашады. Сондай-ақ, туристер ұлттық спортпен танысуға мүмкіндік алмақ.

 

МҰҚАҒАЛИ ЕРБОЗОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Жылқы, түйе, қалай сауу керек, жылқыға қалай міну керек, соған тренинг жүргізіледі, арнайы тренерлер болады, балаларды, үлкен адамдарды мінгізетін және атпен, велосипедпен қыдыратын спорттық жоабалар болады. Тауларға жаяу баруға болады, жылқымен баруға болады, сосын велосипедпен шығуға болады, сондай жоспарымыз бар.

Қазақтың 7 кереметіне енген жерлердің бірі – Шерқала. Оның атауы түркменшеден аударғанда «Арыстан қала» деген мағынаны білдіреді. Ертеде бұл жерде биіктігі 300 метрді құрайтын әскери бекініс болған.Туристерді Маңғыстауда ғана кездесетін алып тастардың қызықтырмай қоймасы анық. Олардың бірі - шарға, енді бірі - түйеге, тағы бірі тасбақаға ұқсайды. Әрқайсысының салмағы бірнеше тонна. Бұл тастар ерте заманда мұхиттың түбінде жатқан екен. Маңғыстаудағы ең биік жер – «Отпантау». Теңіз деңгейінен 532 метр биікте жатыр. Отпантаудың тарихы 3 жарым мың жыл бұрын басталған. Мұнда отқа табынушылардың үлкен ғибадатханасы болған, деседі. Кейіннен жаугершілік заманда қазақ батырларының ұрысқа аттанар орны болады. Елге жау шапқанда белгі ретінде мұнда ұран оты жағылған. Бұл жер бүгінде тарихи-мәдени кешенге айналған. Жазғы демалыс басталғалы ересектерден өзге мектеп оқушылары келіп, туған жердің тарихымен танысып жатыр.

 

АҚКҮМІС САУДАБАЕВА:

 - Балаларымыз көптеген мағлұматтар алды. Өзіміздің Адай атамыздың, руларымыздың орналасқан жерін, олардың бас қосқан қасиетті мекенін, от жаққан орнын көріп, өздерінің рухани жаңғыруын жасады. Тарихты білмей, біздің балаларымыз болашаққа қадам баса алмайды.

Өлкенің көрікті жерлерін Астанада өтіп жатқан «ЕХРО-2017» көрмесінің қонақтары да тамашалайды. Олар үшін «Маңғыстаудың құпиялары мен сырлары», «Керуен» жолдары» бағыты бойынша саяхат ұйымдастырылмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер