Алматы облысындағы «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи паркі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне кірді. Аталған халықаралық ұйымның Парижде өткен сессиясында осындай шешім қабылданды. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне осы күнге дейін дүние жүзіндегі 120 елден 700-ге тарта нысан кіріпті. Соның тоғызы Қазақстан аумағында орналасқан. Алакөл, Ақсу Жабағылы, Барсакелмес, Қорғалжын қорықтарының қатарына Қаратау мен Алтынемел де енді. 1996 жылы құрылған бұл ұлттық табиғи парктің жалпы аумағы 520 мың гектар жерді алып жатыр. Мұнда қырат-қырқа, тау, жазық дала, шөл және шөлейтті жерлер мен өзен-көлдер де бар. Саяхатшылар «Айғай құм» мен «Ақтауды» ашық аспан астындағы мұражайға айналған сақ дәуірінің аса ірі ескерткіші «Бесшатыр» қорымын көруге келеді.

 

ХАЛЫҚ БАЙӘДІЛОВ, «АЛТЫНЕМЕЛ» ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - 2010 жылы 700-800 турист келген болса, қазір туристердің саны 10 мыңнан асып жатыр. Ол көбіне өздеріңіз көріп жатқандай шет елдің, мынау біздің ЕХРО-ға келген қонақтардың қызығушылығы.

 

АНДРЕЙ КОЛЕТНИЦКИЙ, САЯХАТШЫ:

 - Шарын, Қайыңды, Көлсайды аралап, Алтынемелге кірген бетіміз осы. Біз Тараз қаласында тұрамыз. Отбасымызбен өз еліміздегі көркі көз тартатын табиғаты әсем жерлерді тамашалап жүрген жайымыз бар. Бүгін осындағы 700 жылдық тарихы бар алып ағаштың басына түнесек пе деп отырмыз.

 

Мұнда келушілер міндетті түрде «Шоқан бастауына» аялдайды. Айғайқұмның басынан сырғанап, ыстық құмға шомылып, әнші құмның әнін тыңдап қайтқандар осында ат шалдырып, шөл басады. Әйгілі этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов Қашқарияға жасаған сапары барысында осы бастаудың басына тоқтаған екен. Содан бері жан-жағын тораңғылы тоғай қоршаған бұл жер «Шоқан бастауы» аталып кеткен. Табиғи саябақ аумағынан Қызыл кітапқа енген жан-жануарлар мен жәндіктерді, өте сирек кездесетін өсімдіктерді тамашалай аласыз. Қазір мұндағы қарақұйрық саны 5 мыңға, ал құландар 4 мың басқа жуықтап қалды. Жабайы табиғат аясына жіберілген Прежевальский жылқылары да бар.

 

ДАНИЯР ТҰРҒАНБАЕВ, «АЛТЫНЕМЕЛ» ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Келесі 3 жылға бір программа құрылып жатыр. Ол осы құландарды «Алтынемел» ұлттық паркінен басқа ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көбейту мақсатында жұмыс жасау.

«Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне енуі біз үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш.  Ол  жер жаннаты – Жетісудың туристік және экономикалық әлеуетін арттырып, биологиялық әралуандылықты сақтауға оң әсер ететін болады»,- дейді парк қызметкерлері. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер