Қазақстандық балет артистері бірден екі би додасында жеңіске жетті. «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан Мәскеу халықаралық хореографиялық байқауының бірінші сыйлығына ие болып, жеке-дара жеңіске қол жеткізді. Ал театрдың тағы бір дарынды артисі Серік Нақыспеков дәл осы сайыстың дипломанты атанды. Байқау дәстүр бойынша Ресейдің Үлкен театрының сахнасында өткен болатын. Бұл дода кезінде Михаил Барышников, Тьяго Суареш, Евгения Образцова, Миса КуранАга сынды артистердің жұлдызын жандырған. Биыл сайысқа 170 артист бақ сынады.

 

БАҚТИЯР АДАМЖАН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

 - Бірінші бөлімде мен «Дон Кихот» балетінен Базиль вариациясын орындадым. Содан соң «Пламя Парижа» балетіндегі Филипптің вариациясын орындадым. Бірінші турда ұпайлар саналмады. Оның бәрі екінші турға өту үшін болды. Бірінші турдан 70 адамның 40-ы өте алмай қалды. 

Жергілікті артистер үшін сәтті өткен келесі сайыс – Валентина Козлованың халықаралық балет артистері байқауы. «Астана Операның» жетекші солисі Бахтияр Адамжан осы байқаудың тарихында бірінші рет «Классикалық би» аталымында Бас жүлде иегері атанды. Ал Серік Нақыспековте мәртебелі үшінші орын.

 

СЕРІК НАҚЫСПЕКОВ, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

 - Қазылар алқасының құрамында әлемдік балет жұлдаздары болды. Олар біздің жұмысымызға жоғары баға берді. Бұл үлкен жетістік деп санаймын. Сондықтан үшінші орынға ие болғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін зор тәжірибе болды. 

 

Байқаудан соң қазақстандық артистерге шет елде әріптестік орнату бойынша бірқатар ұсыныс түскен. Алайда дарындар «Астана Опера» сахнасында көрермендерді өз өнерлерімен қуантып, қазақ балетін жаңа биіктерге көтеру жолында еңбек етпек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер