«Бабалар ізімен» экспедициясы Молдова республикасында болды. Екі мың жылдан астам уақыт бұрын Дешті Қыпшақ елі Қытай қорғандарынан Дунай даласына дейінгі алқапты жайлаған. Бүгінгі гагауз ұлты кешегі біздің бабаларымызбен бір шаңырақ астында күн кешкендерін, мүдде мен мақсаттары бір болғанын айтады.

 

ВЛАДИСЛАВ МАРИНОВ, КОМРАТ ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің бабаларымыз қыпшақтар. Қазіргі Молдова, бұрынғы Буджаканың аумағында Ресей империясының кезінде Қыпшақ атты бірнеше ауыл болған. Дешті қыпшақ дала халқы болғанмен, оның құрамында әр түрлі рулардың одағы кірген. Осылайша, біздің бүгінгі қазақ елімен тарихымыз ортақ. 

 

Бұл – Кишинев қаласынан 170 шақырым қашықтықтағы Қыпшақ ауылы. Көшпенді бабаларымыздың осы аумақта қазығын қағып, түтін түтеткеніне тағы бір дәлел. Гагаузия автономиялық округінің басшысы түркі әлемін біріктірудегі экспедиция жұмысын қолдап, оң бағасын берді. Сонымен қатар, елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасы тек қазақ еліне емес, өзге мемлекеттерге қажет бағдарлама деген ойымен бөлісті.

 

ИРИНА ВЛАХ, ГАГАУЗИЯ АВТОНОМИЯЛЫҚ ОКРУГІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл бастама өзге елдерге мысал бола алады. Өйткені, ТМД төңіргегінде тілді сақтауға, дамыту мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Біз де осы тектес бағдарламаны жүзеге асыруды жоспарлап отырымыз. Тәжірибе алмасамыз деген сенімдемін. Халықаралық деңгейде сіздердің жобаларыңызға қатыссақ деген де ойымыз бар.

Ал Украина аумағында көшпенді бабаларымыздың сол жерде болғанын айғақтайтын балбал тастар табылды. Каменец-Подольск аумағынан анықталған тастар 7-8-ғасырларға жатады. Әр қайсының өз мәні бар. Ұзындығы 2 метрге жетеді. Ер адамның бейнесі қашалған мұндай ескерткіш негізінен Дешті-Қыпшақ жауынгеріне тән, дейді археологтар.

РУСЛАН НАГНИБИДО, АРХЕОЛОГ:

Дешті-қыпшақ жауынгері соғыстан оралмаған жағдайда оған осы тектес ескерткіш қойған. Көпшілігі Хортиция аралында кездеседі. Днепропетровск мұражайында бар. Сонымен қатар, Украинаның өзге қаларынан әлі күнге дейін табылып жатыр.

Тарихи деректерде он екінші ғасырдан бастап Дешті-Қыпшақ тілі халықаралық тіл болғаны жазылады. Мәселен,Украинаның осы аумағында өмір сүрген армяндар қыпшақша жазған.

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

Оны Қазақстандағы біздің ғалым Гарковец Александр Николаевич көбісін аударған орыс тіліне қыпшақ тілінен. Қазіргі кезде ол кітаптар Киев қаласындағы ұлттық мұрағатқа берілген. Таң қалуға болады. Біздің бабаларымыздың қайда бармағаны, олардың тұлпарының тұяғы қайда жетпегеніне. Енді оларды біз іздеуіміз керек, табуымыз керек. Біздің ғалымдарымыз зерттеуі керек.

Көшпенді бабаларымызды ол кезеңде жергілікі халық «половцы» деп атаған. Каменец-Подольсктен жиырма шақырым жерде әлі күнге дейін осындай атаулы ауылдар бар.

ТАРАС ГАРКУН АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылдың тарихы біздің білуімізше 11-12 ші ғасырдан басталады. Оны қыпшақтар құрған. Сол дәуірдегі көшпелі халық біздің арғы аталарымыз деп ойлаймыз.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Украинадағы сапарын аяқтап, Беларусь еліне аттанды. Онда да көшпенді бабаларымыздың қалдырған ізі бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер