Франция ЕХРО қонақтарына арнап аса ауқымды симфониялық премьера әзірлепті. Астанадағы музыкалық кешке танымал дирижер Филипп ЮИ арнайы келді.

Маэстроның жетекшілігімен Астананың Филармониялық оркестрі еуропалық және қазақстандық композиторлардың шығармаларынан құралған концерттік бағдарламаны орындады.

 

ГИЙОМ КАСПЕРСКИ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

- Филипп Юи – 50-ші жылдардан бері танымал, ол дарынды дирижер, сегіз қырлы, бір сырлы адам. Ол шетелдерде көп өнер көрсетеді. Ал Францияда осыдан 10 жыл бұрын Опера үшін опенэйр ұйымдастырған.

 

Франция өкілдері атап көрсеткендей, ЕХРО дегеніміз озық технологиялар саласындағы ынтымақтастық қана емес, бұл қатысушы елдер арасындағы мәдени алмасу. Мұның дәлелі – Қазақстандағы премьера. Атап айтқанда, Астанада алғаш рет Сезар Франктің «Ре Минор симфониясы» орындалды.

Астана филармониялық оркестрімен бірге танымал скрипкашы Юг Борсарэлло және виолончельші Готье Эрманн өнер көрсетті.

 

ФРАНСИС ЕТЬЕН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФРАНЦИЯ ЕЛШІСІ:

- Қазақстанды ЕХРО көрмесін ашып, табысты өткізіп жатқанымен құттықтаймын. Бүгін жиналған қауым Франция мен Қазақстанның үздік музыканттарының орындауында керемет музыкалық бағдарламаға сусындайды.

 

Симфониялық концерт «Астана-2017-ден Париж 2025-ке дейін» деп аталады. Осылайша, Франция сегіз жылдан кейін ЕХРО көрмесін өткізуге үмітті екенін көрсеткісі келіпті. Бұл жарыста Париж бәсекелестерінің арасында жапониялық Осака, әзербайжандық Баку және ресейлік Екатеринбург қалалары бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер