Нью-Йорктің атақты Карнеги-холл концерт залының сахнасында қазақ қызы өнер көрсетті. Халықаралық «Алтын кілт» фестивалінің қатысушысы, пианист Аида Ахметова «Домбыра туралы аңыз» музыкалық поэмасын және басқа да әлемдік музыканттардың классикалық туындыларын орындады. Вена өнер университетінің студенті Аида Ахметованың бұл сахнада өнер көрсетуі бірінші рет емес. Өткен жылы ол осында өткізілген «Дебют» Халықаралық пианистер байқауында жеңіске жеткен болатын. Ал бұл жолы әр елдің танымал музыканттары мен сыншылары қазақ қызының орындау шеберлігін жоғары бағалады.

 

ГЕОРГИЙ БОРИСОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «АЛТЫН КІЛТ» ФЕСТИВАЛІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Фестивальдің басты идеясы - артистік мансапты арман еткен талабы таудай талантты студенттер мен кәсіби музыканттардың басын қосу. Өткен жылы, Аида Ахметова Вена университетінің өкілі ретінде Карнеги-Холл сахнасында өнер көрсетті, бірақ осы жылы ол Нью-Йорктегі Карнегидегі өткізілген байқаудың жеңімпазы, һәм Қазақ елінің өкілі ретінде шақырылып отыр.

 

АИДА АХМЕТОВА, ПИАНИСТ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЛАРДЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

 - Осы жазда мен Вена университетінде оқитын скрипкашы әпкем Лейла Ахметовамен жеке концерт беруді жоспарлап отырмын. Австрияда да бірнеше мәрте өнер көрсету ойда бар. Онда қазақ музыкасымен қатар шетелдік композиторлардың туындыларын да орындаймыз.

Тағы бір қазақстандық өнерпаз қобыздың қасиетті үнін Ресей жеріне жеткізді. Қылқобызшы Раушан Оразбаева Мәскеудегі ұлттық өнер үйінде концерт берді.

 

РАУШАН ОРАЗБАЕВА, КОБЫЗШЫ:

 - Қобыз күйлері болсын, домбыра күйлері болсын, жалпы қазақтың күйлері бұл біздің аталарымыз қалдырған қасиетті мұра. Сол мұра күйлерді орындап отырып, біз көп ақпарат аламыз. Бүгінгі күнде рухани деңгейден түспес үшін сол ақпарат бізге керек.

Қазақ халық әуендерін қастерлейтін тыңдарманмен кездесу мәскеулік ұлттық өнер үйінде өтті. Ұйымдастырушылардың пікірінше, қазіргідей заманда өз ұлтыңның мәдениетін ұлықтаумен қатар өзге елдер мәдениетімен де танысу маңызды. Себебі, өнерде ешқашан шекара болмаған.

 

СЕРГЕЙ КУЛИБАБА, МӘСКЕУ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҮЙІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Басқа өркениеттермен, басқа халықтардың мәдениетімен танысу арқылы бәріміз үшін маңызды құндылықтарды анықтауға болады. Осы тұста әлеуметтік - мәдени жаңғыру дұрыс таңдау деп санаймын.

Осы кеште Қорқыт пен Ықыластың, Сүгірдің, қазіргі заман композиторларының шығармалары орындалды.

 

КЛАРА АЙНАҒҰЛОВА:

 - Бұл әуендерге қайран қалдым. Шынымен де таңғажайып аспап. Шексіз далада дүбірлеген ат тұяғын елестетіп, өз көзімен көргендей болдым.

 

ВИДЖАЙ ГЖАДИ:

 - Қобыздың әуені жанымды тебірентті. Өкінішке орай қазіргі заманда көне аспаптардың маңызы кейбір жерлерде ұмытылып бара жатыр. Оларды сақтау керек.

Осылайша, қобыздың қоңыр үні сарнаған кеш шетелдік көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер